Маңғыстауда «Бейнеуліктер» қылмыстық тобының басшысы мен 5 мүшесі ұсталды - ҰҚК
2022 ж. 21 қазан
965
0

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысындағы «Бейнеуліктер» қылмыстық тобының басшысы мен 5 белсенді мүшесін қолға түсірді. Олар ақша бопсалаумен айналысты және басқа да ауыр қылмыстар жасады деген күдік бар. Бұл туралы ҚазАқпарат ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмыстың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсерін төмендету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
11 қазанда бірнеше кезеңнен тұратын жедел жұмыстардың нәтижесінде бір уақытта Алматы, Ақтау, Маңғыстау облысының Бейнеу және Ақжігіт кентінде ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметін жұмылдыра отырып қоғамға қауіпті «Бейнеуліктер» қылмыстық тобының заңға қайшы әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция іске асырылды.
Топ мүшелері «Тәжен» өткізу пунктінде (Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара) шетелдіктер мен жеке тасымалдаушылардан жүйелі түрде ақша бопсалады және өзге де ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген. Арнайы операция барысында қылмыстық топ басшысы мен 5 белсенді мүшесі ұсталды.
Ұсталғандарға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы бекітілді.