“Медеу” табиғи паркінің 20% жері заңсыз шығарылғаны рас па?
2022 ж. 12 қазан
887
0

«Ақ жол» демпартиясы фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Асыловқа депутаттық сауал жолдап, Медеу мемлекеттік табиғат паркінің жер телімін құрылысқа бөлінгені туралы ақпаратты тексеруді талап етті.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Кеше белгілі заңгер Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы қаласы әкімдігінің бұрынғы басшылығы (Б.Сағынтаев) 2021 жылғы 25 маусымдағы шешімімен, қоғамдық талқылаусыз, Медеу мемлекеттік табиғат паркінің рекреациялық аймағынан (Бутаково шатқалы ауданында) шамамен 22,5 га аумақты (4,8 га; 4,3 га; 5 га; 4 га; 3,5 га; 0,8 га) шығарып тастағанын хабарлады, бұл аумақта бірегей өсімдіктер мен жануарлар әлемі бар орман алқабы орналасқан.
Яғни, Медеу табиғи саябағының барлық аумағының 20 пайызы, саябақ басшылығын ескертпестен, тұрғын үй құрылысы үшін берілген.
Б.Базарбектің ақпаратына сәйкес, қазірдің өзінде құрылысқа арналған учаскелер бөлініп, нысаналы мақсаты өзгертіліп, құрылыс жобалары келісіліп жатыр. Автор (жер мәселесі бойынша беделді заңгер) бұл Экологиялық, Орман, Жер кодекстерінің талаптарын және Президент Қ.Тоқаевтың Алматы іргесіндегі Іле Алатауында құрылыс салуға тыйым салу туралы тапсырмасын бұзды деп есептейді.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы бұл ақпаратты тексеріп, расталған жағдайда прокурорлық ден қою шараларын қолдануды сұрайды, - делінген депсауалда.