Алматыда отандық және шетелдік педиатрлар бас қосты
2022 ж. 11 қазан
559
0
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына – 90 жыл
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының сәби денсаулығын, бала амандығын басты назарға алып отырғанына биыл - 90 жыл. 6-7 қазан күндері Алматыда Балалар жылы аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90 жылдығына арналған «Қазақстан педиатриясы: өткені мен бүгіні және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Балалар денсаулығын сақтау мен нығайту, балаларға сапалы медициналы қызмет көрсетуді ұйымдастыру, балаларды емдеу мен диагностикалаудағы өзекті меселелерін талқылау, еліміздегі педиатрия қызметін жақсарту мақсатында өткен іс-шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан және Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Украина, Чехия елдерінің педиатрлары мен балалар хирургтары, ғылыми институттардың жетекші мамандары мен басшылары, сондай-ақ медициналық ЖОО профессорлары қатысты. Офлайн және онлайн форматында өкен конференция жұмысына жалпы 4000-нан аса балалар дәрігерлері қатысып, тәжірибе алмасты.
Халықаралық конференция Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Марат Шорановтың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайыновтың алғы құттықтау сөзімен ашылды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник өзінің құттықтау сөзінде денсаулық сақтау министрлігінің балаларға медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларын атап өтіп, Педиатрия орталығын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Тұқым қуалайтын аурулар мен туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мақсатында елде жүкті әйелдер мен балаларға скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Жыл сайын 400,0 мыңнан астам жүкті және 1,6 миллионнан астам бала скринингпен қамтылды. 18 құрсақтағы нәрестені қорғау орталығы құрылып, 1,5 мыңнан астам балану дамыту кабинеті ашылды. Қазақстанда туа біткен ауытқуларды хирургиялық түзетудің инновациялық шағын инвазивті әдістері сәтті қолданылып келеді. Жыл сайын туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңнан астам хирургиялық араласу жүргізіледі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жедел емдеу тиімділігі 85,0% - дан асады. Бүгінгі таңда балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиологиясы табысты дамып келеді. Жыл сайын Қазақстан Республикасында туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 3 және 4 күрделілік деңгейі бар 2500-ден астам хирургиялық оталар жасалады. Полихимиотерапияның, гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялаудың, интравитреальді химиотерапияның, ағзаны сақтайтын хирургиялық араласудың заманауи бағдарламаларын енгізу Қазақстанда қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейін 74,6% - ға дейін арттыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді», деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры М.Х.Ембергенова барша педиатрларды мерейтоймен шын жүректен құттықтап, көп жылғы мінсіз еңбектерімен ерекшеленген Педиатрия орталығының бірқатар қызметкерлеріне ҚР ДСМ жоғары марапаттарын табыс етті.
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Марат Шоранов: «Баршаңызды Қазақстандағы педиатрия және балалар хирургиясы флагманы болып табылатын республикалық орталықтың 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Клиника 90 жыл бойы еліміздің кішкентай азаматтарының денсаулығын сақтауға зор үлесін қосып келеді. Беделді ғылыми орталық отандық педиатрияның қалыптасуы мен дамуында жетекші орын алады. Бүгінгі таңда Педиатрия ғылыми орталығы ғылым, клиника және білім интеграциясына негізделген инновациялық дамудың тамаша үлгісі болып табылады. ҚазҰМУ ұжымы атынан бар ғұмырын балалар саулығы жолына арнаған барлық ардагерлерге алғыс айтамын. Сіздер болашақ өсудің берік іргетасын қаладыңыздар және дәстүр сабақтастығын сақтаушыларысыздар. Сонымен қатар Педиатрия орталығының ұжымына еліміздің кішкентай азаматтарының денсаулығын жақсарту жолындағы жемісті еңбектері үшін шексіз алғысымды білдіремін. Орталықтың барша қызметкерлерін мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, табыс, амандық, бақ-береке, халқымыздың игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!», деді.
Марат Шоранов балаларға сапалы медициналық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталып, бұл мәселеге еліміздің жоғарғы басшылығының көңіл бөліп отырғанын айтты.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90 жылдық мерейтойы Балалар жылымен тұспа-тұс келуі қуантады. Осы жылдар ішінде орталық соңғы медициналық технологияларды меңгеріп, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың заманауи әдістерін енгізді, елімізге болашақтарынан үміт күтетін мықты жас мамандарды тәрбиеледі. Кәсіпке деген адалдықтарыңыз бен мейірімділіктеріңізге, дүниедегі ең үлкен құндылық – адам денсаулығы мен бала өмірін сақтауға қосып жатқан жатқан сүбелі үлестеріңізге алғыс айтқым келеді. Осындай бай тәжірибе, клиникада кеңінен қолданылатын заманауи медициналық технологиялар, әрине, ұжымның жоғары кәсібилігі - орталықтың табысты, жемісті жұмысының кепілі болып табылады», деп атап өтті С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры М.Шоранов. Алғы сөзінде Ректор сонымен қатар орталықтың елеулі табыстары мен бүгінгі жетістіктерін атап өтті.
Бүгінгі таңда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында сүйек кемігін трансплантациялау бойынша бірегей операциялар жасалады, химиотерапияның инновациялық технологиялары енгізілуде. Орталықта асқазан-ішек жолдарының, кеуде бөлігі және т.б. туа біткен ақаулармен дүниеге келген балаларға түзетудің инновациялық әдістерін қолдана отыра түрлі күрделі оталар жүргізіледі. Кардиохирургия даму үстінде, онда балалардың жүрек-қантамыр жүйесінің туа біткен даму ақаулары түзетіледі, интервенциялық кардиохирургия қолданылады.
Педиатрия орталығы емдеу мекемесі ғана емес, ҚазҰМУ-дың көптеген клиникалық кафедралары, дипломнан кейінгі даярлық жəне дəрігерлердің мамандығын жетілдіру курстары үшін клиникалық жəне тәжірбиелі кадрларды дайындау оқу базасы болып табылады. «Педиатрия», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкологиясы және гематологиясы» салалары бойынша тәжірбиелі мамандар дайындау жұмыстары қолға алынған. Орталық мамандары республиканың барлық аймақтарында педиатрия мен балалар хирургиясының әртүрлі өзекті мәселелері бойынша тренингтер мен оқыту дәрістерін өткізеді. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы Қазақстан Республикасындағы педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі болып табылады. Бүгінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы өзінің 90 жылдық мерейтойын елеулі табыстармен, ғылыми жетістіктермен атап өтуде деп сеніммен айта аламыз.
Алқалы басқосуда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының өткені мен бүгіні, жетістігі мен дамуы және орталықтың отандық педиатрия қызметінің дамуына қосқан үлесі сөз болып, еліміздегі педиатриялық қызметтің бүгінгі жағдайы мен бағыт-бағдары сараланды. Қатысушылар балалардағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің ғылыми-практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, балалар денсаулығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Екі күнге бойы өткен халықаралық конференция «Педиатрия және неонатологияның өзекті мәселелері», «Балалар хирургиясы: бағыттары мен заманауи әдістері», «Орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи мәселелері», «Онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары», «Патологоанатомиялық диагностиканың өзекті мәселелері», «Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы мейіргерлер рөлі» атты секциялық жұмыс тақырыптары аясында өтті.
Халықаралық конференция жұмыс нәтижесі нәрестелер мен балаларға медициналық көмек көрсету деңгейінің артуына, педиатрияның әртүрлі бағыттарына инновациялық технологиялардың енгізілуіне ықпал етеді деп сенеміз. Конференция соңында арнайы Қаулы қабылданып, онда конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасындағы педиатриялық қызметті дамытудың алдағы жоспарларын белгіледі.
Конференция барысында клиниканың тарихы мен бүгіні баяндалатын «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына-90 жыл» атты фильм көрсетілді.
Шараның ұйымдастырушылары: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Н.Назарбаев ат. Тұңғыш Президент қорының және Қазақстан Педиатрлар Одағының қолдауымен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының негізі 1932 жылы 28 қарашада Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланды. Бүгінде орталық білікті де тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекемеге айналып отыр. Педиатрия орталығында 700-ден астам қызметкер балалар саулығы жолында аянбай қызмет етуде.
Клиникада жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірлерінен 6000-нан астам бала ем алады.
qazaquni.kz