«Ақ жол» партиясы Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды

«Ақ жол» партиясы  Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды

Бүгін Астана қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясының ХІХ құрылтайы өтті. Құрылтайға «Ақ жол» басшылығы, партия ұлттық кеңесінің мүшелері, өңірлердегі филиалдарының делегаттары, жастар қанатының мүшелері қатысты. 

Құрылтайдың күн тәртібінде алдағы президенттік сайлауға партияның қатысуы, партия атынан түсетін үміткерді анықтау мен президенттік сайлаудағы бағдарлама мәселесі қаралды. 

Жиынның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген «Ақ жол» лидері Азат Перуашев құрылтайға келген барша делегаттарға алғыс айтып, күн тәртібіндегі мәселеге жіті тоқталды. 

- Бүгін біз партияның кезектен тыс құрылтайына жиналдық. Шақыру туралы шешімді партияның Ұлттық кеңесінің президиумы биылғы жылдың 27 қыркүйегінде қабылдады. Өңірлерден өкілдік ету нормалары бекітілді, барлық филиалдарға партия конференцияларын өткізу тапсырылды. Конференциялар уақытылы өткізіліп, құрылтайға 126 делегат сайланды. Барлығы тіркелді. Кворум бар, - деді Азат Тұрылбекұлы. 


Партия төрағасының ұсынысымен құрылтай делегаттары алдымен жұмыс президиумын, секретариатын, мандаттық және есептік комиссиясын сайлады. 

Дауыс беру нәтижесінде президиумға партия төрағасы Азат Перуашев, Дания Еспаева, Қазыбек Иса, Дмитрий Васильев, Ерлан Барлыбаев, ал, мандаттық комиссияға Олжас Нұралдинов, Гүлмайса Шаңбаева мен Қызылгүл Атығаева сайланды. 

- Негізгі мәселе партиямыздың атынан президенттік сайлауға түсетін үміткерді анықтау. Шынын айтқанда, кешегі Ұлттық кеңестің отырысында плерум мүшелері бір келісімге келе алмады. Президенттік сайлауға қатысу мен үміткерді ұсыну туралы шешімді тек партия құрылтайы ғана қабылдайды. Партия құрылтайы қандай шешім қабылдап, кімді ұсынуды шешсе, барлығымыз бір атаның баласындай соған қызмет етуге тиіспіз. Ұйымымызға күш беретін ол - ауызбіршілік, - деген Азат Перуашев барша партияластарын құрылтай шешімін құрметтеп, қолдау жасауға шақырды. 


«Ақ жол» басшысының айтуынша, президенттік сайлауға түсуге 6 кандидат өтініш білдірген. Оның бірі ірі кәсіпкер, партия мүшесі болмағасын ұсыныла алмаса, екеуі өз еркімен үміткерліктен бас тартты. 

Нәтижесінде партия атынан алдағы президенттік сайлауға өзін үш бірдей кандидат ұсынды. Олар: ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылымдағы депутаты Серік Ерубаев, «Время» газетінің тілшісі Сандуғаш Дүйсенова және «Ақ жол» демпартиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов. 

Құрылтай барысында үш үміткер өздерін таныстырып, президенттік сайлауға түсудегі мақсаттарымен, ой-пікірлерімен бөлісті. 

Сонымен қатар, әр өңірден келген құрылтай делегаттары да сөз алып, үміткерлерге қолдау көрсетті. Жиын барысында партия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов те сөз кезегін алып, алдағы президенттік сайлауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын айтты. 

- Біз жан-жағымызда қырғи қабақ соғыс боп жатқан аласапыран заманда өмір сүріп жатырмыз. «Иттің иесі болса, қасқырдың Құдайы бар» дейді дана қазақ. Осы уақытқа дейін бір Алланың қолдауымен аман жетіп келдік. Осындай қилы кезеңде бізге мықты дипломат басшы керек. Коалицияға мүше болу арқылы алдағы сайлауда қазіргі президенттің кандидатурасын қолдауға шақырамын, - деді Б. Дүйсембинов. 

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновтің пікірірін әріптес, «Ақ жол» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Евгений Кинцель де қолдады. Алайда, партия өз құқығын сақтай отыра, алдағы сайлауда үміткеріне өз бағдарламасы мен өз ұстанымдарынан айнымай, саяси бәсекелестігін жүргізе береді. 

Осы мәселеге қатысты партия төрағасы Азат Перуашев та өз пікірін білдірді. 

- Коалицияны қолдау партия ұстанымдарына қарсы шығу емес. Керісінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптеген ұсыныстары «Ақ жол» партиясының бағдарламасымен үндес. Мен үшін ең маңыздысы, мемлекетке қызмет ету. Президенттің «Мықты президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» қағидасының өзі біздің талай жылдан бері айтып келе жатқан ұстанымдарымызбен ұқсас. Президент тек бір партияға емес, бүкіл ұлтқа қызмет етуі керек, - деді Азат Тұрылбекұлы. 


Қызу пікірталастан соң партия басшысы Азат Перуашев бір шешімге келу үшін құрылтай делегаттарын жасырын дауыс беруге шақырды. 

Жасырын дауыс беруге 126 делегат қатысып, басым көпшілігі президент Қ. Тоқаевты қолдаған қоғамдық коалицияны жақтап дауыс берді.