Запастағы лейтенант әскери кафедра туралы айтты

Запастағы лейтенант әскери кафедра туралы айтты

Запастағы лейтенант Нұрқанат Әлімғазыұлы Qazaquni.kz тілшісіне әскери кафедра туралы айтып берді. 

- Әскери кафедрадан қандай әсер алдыңыз? Сіздің ойыңызша қандай артықшылығы, қандай кемшілігі бар екен?

- Өте жақсы әсерлендім. Бір айдай казармада жатып, әскери өмірдің қызық-шыжығын көрдік. Артышылығына келетін болсақ, ең бастысы – шеніміз. Барлығы әскери кафедраға шені үшін түскісі келеді. Біз лейтенант шенін алдық. Ол шен қатардағы жауынгерден алты шенге жоғары. Ал кемшіліктері, біз үшін, студенттер үшін жоқ десе де болады. Топтастарың бір күн демалғанда, сен әскери кафедрада жүресің. Жалқаулау адам үшін осы жағы кемшілік болар. Біз бір оқпен екі қоянды атамыз. Университет қабырғасында білім ала жүріп, әскери кафедраны да оқып аламыз. 

- Бір жылдай карантин жағдайына байланысты сабақ онлайн болды. Әскери кафедраны онлайн оқу қиындық тудырмады ма?

- Әскери кафедраның білім беру аумағында марш орындайтын, окоп қазатын көп орындар жоқ. Яғни, практикалық жұмыстар көп орындала бермейді. Негізгі сабақтар теория жүзінде болады. Сондықтан онлайн оқу түк те әсер еткен жоқ десе де болады. Барып оқысақ та кабинетте оқыр едік. Бізде практикалық жұмыстарды орындауға мүмкіндік полигонда ғана болды.

- Әскери кафедраның білімі қаншалықты сапалы деп ойлайсыз?

- Әскери кафедраның білімі жоғарыда айтқанымдай көбіне теория жүзінде болады. Теория жүзінде өте жақсы. Қаншама қару-жарақтар, танктерді көрдік. Мықты-мықты полковниктер сабақ жүргізді.

- Әскери кафедраға түсудегі ең негізгі мақсат не болды? Шыныңызды айтыңызшы, бір жылдық әскери қызметтен қашқақтадыңыз ба?

- Басты мақсат әскерден қашу емес. Өз басым әскери өмірге қызығамын. Әскери шенімнің де жоғары болғанын қаладым. Сондықтан әскери кафедраны таңдадым. Біздің сабақтар екі жыл болады.

- Әскери кафедрада оқып жүргеніңізде қандай қызық-қиындықтар болды?

- Бізде қызықтардың барлығы полигонда болды. Себебі, оқудың көбі онлайн боп, үйде оқыған едік. Полигонда жерде еңбектеп жүресің, киімің жыртылып кетуі мүмкін, оны өзің тігесің дегендей. Өзінше артықшылықтары бар. Кетерде барлығын қимай қаласың. Айтар берсең, өте көп.

- Сұқбатыңызға рахмет!