Жұмыссыз жас маман

Жұмыссыз жас маман

Жаңа реформалар мен өзгерістердің барлығы елімізге оңынан тиіп жатқаны аян. Осы орайда, әсіресе, атап өтуге болатыны білім беру жүйесінің бұрынғыдан тың өзгерістерге бой алдырып, жаңаша бағытта дамып келе жатқандығы болмақ. Сондай өзгерістердің бірі 2022 жылдан бастап орта мектеп пен жоғары оқу орындарының жеке-дара болып бөлініп шығуы. Ендігі ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғанын білеміз. Бұл өзгерістердің барлығы қағаз жүзінде ғана болмай, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығы қарапайым халықты қуантпай қоймады. Десе де, көш жүре түзеледі демекші, осы өзгерістердің кейбір сәттері оқуларын тамамдаған педагог жас мамандарға кері әсерін тигізіп жатыр. Осыған дейін дипломдары қолдарына тиген жас мамандардың жұмысқа орналасуы неғұрлым жедел түрде жүзеге асса, ендігі олардың жағдайына немқұрайлық танытылып тұрғанын байқауымызға болады. 

2021 жылы мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады деген заң шыққан болатын. Дегенмен, бұл заңның шығуынан бұрын жүзеге асуы қиындық туғызған тәрізді. Мектеп ұйымдары жаңа өзгерістерді қабылдағысы келмегеннен бұл заңға салғырт қараған болатын. Ал енді, міне, 2022 жылдан бастап бұл заң өз күшіне толықтай еніп мектеп қабырғаларындағы әділдікті орнатқандай бола беріп еді, тағы бір шикіліктің елең алуын көріп отырмыз. 

Мұғалімдердің еңбек өтілімі мен марапаттарына ғана қарап ұпай санын еселейтін бұл конкурстың бір ұшы жас мамандардың дәл танауларынан ұрғандай болды. Осының салдарынан 2022 жылы оқуларын аяқтаған студенттер өздері қалаған мектептеріндегі конкурстан жоғары ұпай жинамай тұрмақ, кейбір конкурстарға қатыса да алмай отыр. 

Әлбетте, ҚР заңдары аспаннан топ етіп түсетін қатаң қағидалы өзгермес заңдар емес. Көш жүре түзеледі деп небір эксперименталды заңдардың барлығын көрген халық бұған да мойыды. Әйткенмен, мұғалім боламыз деп келген жас мамандардың мектепке орналаса алмауы биылға жылға жас педагогтердің біршамасының сағын сындырғанын ұмытпауымыз қажет. Қазіргі уақытта осы конкурс ережелерінің талаптарына сәйкес жұмыссыз қалған жас мамандарға пана болып тұрған ақылы оқу орталықтары ғана. Оқу орталықтарының барына шүкір етіп жүре берер ме екен олар, әлде, бұл жылға жас педагогтерімізден айырылдық па!?