Президент руханиятқа қадам басқан сайын халыққа да жақындай түседі

Президент руханиятқа қадам басқан сайын халыққа да жақындай түседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйек күні Қостанай облысына Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына іс-сапармен аттанғалы отыр. Бұған қатысты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали мен ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Ыбыраев өз пікірлерін айтты, деп хабарлайды El.kz.

Ерлан Рысқали мемлекет басшысының бұл мерейтойды өткізуі Ахмет Байтұрсынұлына деген құрметі деп есептейді.

«Ахмет Байтұрсынұлы ел үшін еңбек еткен тұлға. Ол қазақ тілінің заңдылықтарын, қазақша әліпбиді қалыптастырған, елімізге өлшеусіз үлес қосқан. Мемлекетіміз соған орай ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы ең алдымен ұлт ұстазына деген құрметі. Екіншіден, еліміздегі ұстаздар қауымының билігін арттыруға да септігін тигізбек», – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Оған қоса Ерлан Рысқали Президент бұл іс-сапарынан кейін елімізге оң өзгеріс әкеледі деп сенім білдірді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарынан мен көптеген оң өзгерістерді күтемін. Бұл жалпы ұлтқа, мемлекетке пайдасы тиетін өзгеріс әкелетініне мен кәміл сенемін. Өйткені мемлекет басшысының Қостанай облысына арнайы іс-сапармен баруы елдің келешегіне, ұлтының тұтастығына немқұрайлы қарамайтындығының көрсеткіші. Ахмет Байтұрсыновтай ұлы тұлғаға тағзым ету Президенттің көрегендігінің белгісі деп білемін», – деді Ерлан Рысқали.

Ал Маралтай Ыбыраев болса, аталған іс-сапардың маңызына тоқтала кетті.

«Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың рухани тұлғасы. Оның 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келетіндігін, мұндай іс-шарадан бас тартуы мүмкін емес екендігін о бастан-ақ білдік. Бұл мерейтойдың халық үшін де, Президент үшін де маңызы өте зор. Ол іс-шаралардың өткізілуін тек Қостанай облысының жұршылығы ғана емес, барша Қазақстан қолдап, асыға күтіп отыр», – деді ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойы жоғары деңгейде өтетін нық сеніммен айтып жеткізді.

«Мемлекет басшысы руханиятқа қадам басқан сайын халыққа да жақындай түседі. Ол қай кезде де болсын өзі барған іс-шараның мәртебесін көтеріп қана қоймай, ел-жұрттың басын рухани байлыққа бұрып жүреді. Осы жолғы Президенттің Қостанай облысына жасағалы отырған іс-сапары рухани, саяси тұрғыдан болсын, қай жағынан алып қараса да жақсы сипатта көрініс тауып, жоғары деңгейде өтетіні анық», – деді ақын.

Маралтай Райымбекұлы мемлекет басшысы Торғай ауылдық округін қайтадан облысқа көшуі туралы ұсыныс жасайтын болса, ел үшін қуанышты жайтқа айналар еді деп пікір білдіріп кетті.

«Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы іс-сапарынан да үлкен жаңалықты күтеміз. Себебі оның әр шыққан сапарында бағдарламасы көкейінде тұрады, өз үндеуін қоса алып жүреді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы елге естияр ойларын айтып, халыққа жолдауын жеткізіп, қуаныш сыйлайтынына күмәнсіз сенемін. Мүмкін қайтадан Торғайды өз алдына облыс қылу туралы ұсыныс беретін болар. Ондай жағдай орын алып жатса, тұрғындар бөркін аспанға атып, бір қуанып қалар еді», – дейді Маралтай Ыбыраев.