Жемқорлықпен күрес агенттігі Қайрат Сатыбалдыны тергеу ісі аяқталғанын хабарлады
2022 ж. 25 тамыз
756
1
Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, қамауда отырған Қайрат Сатыбалды (Сатыбалдыұлы деп те айтылады) мен тағы бірнеше адамға қатысты тергеу ісінің аяқталғанын хабарлады. Бұл мекеме Қайрат Сатыбалдыны биыл 13 наурызда "Қазақтелекомның" қомақты қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен шетелге ұшпақ болып тұрғанда ұстап, уақытша қамау изоляторына қамаған, кейін қамау мерзімін ұзартқан. Агенттік Қайрат Сатыбалды мен тағы төрт адамнан елдегі басты байланыс операторы "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деп күдіктенеді.
Орган мәлімдемесіне сенсек, тергеу кезінде жалпы сомасы 240 миллиард теңге немесе 500 миллион АҚШ доллары шамасындағы қаражат мемлекетке қайтарылған.
Биыл сәуірде Сатыбалды "Қазақтелеком" акцияларының 29 пайызын мемлекетке еш ақы алмастан қайтарғаны хабарланды.
17 наурызда оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша Нұр-Сұлтанда қамауға алынды. Оған универсиада нысандарын жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды деген де айып тағылды.
"Салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша Қайрат Сатыбалдыға қатысты қосымша қылмыстық істер тергеліп жатыр" деді жемқорлықпен күрес қызметі.
Одан бөлек, мәлімдемеде айыпталушылардың заңсыз активтері іздестіріліп жатқаны, Қазақстан мен шетелден жалпы сомасы 400 миллиард теңге немесе 900 миллион АҚШ долларына тең қаражат жақын арада мемлекетке қайтарылатыны туралы айтылған.