Жыл сайын 12 мыңнан астам жас маман білім беру ұйымдарына келеді - Жомарт Қарабаев

Жыл сайын 12 мыңнан астам жас маман білім беру ұйымдарына келеді - Жомарт Қарабаев

Елімізде мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, жүзеге асып жатқаны белгілі. Осы тақырып жөнінде Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Қарабаев Жомарт "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген болатын.

- Бүгінде үздік мұғалімдерді өңірлерге тарту бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы (Арнаулы бағдарлама)» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бекітілді.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарының білім басқармаларымен бірлесіп бағдарламаны іске асыру шеңберінде жұмыс жүргізуде.

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасы әзірленді. Конкурс өткізу туралы бұйрық шығарылып, Конкурстық және апелляциялық комиссиялардың құрамы бекітілді.

Қаулыны іске асыру мақсатында Министрлік мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін қолдау шараларының тиісті пакетімен үздік педагогтерді тарту бойынша конкурстың рәсімдері жүргізілуде. Конкурс бойынша барлық қажетті ақпарат жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының (бұдан әрі – «НЗМ» ДБҰ) ақпараттық ресурстарында орналастырылды.

Халықты осы бағдарлама туралы ақпараттандыру үшін Министрлік, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, білім басқармалары, мақсатты өңірлердің әдістемелік кабинеттері өкілдерінен тұратын екі жұмыс тобы құрылды. Сапар барысында Алматы, Шымкент қалаларына, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарына барып, еліміздің үздік ЖОО түлектерімен және педагогтарымен кездесулер ұйымдастырылды. Call орталықтардың тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастырды.

Қазіргі уақытта төрт мақсатты өңірге педагогтерді қабылдау бойынша бірінші конкурс өткізілуде. Қабылдауды 2022 жылғы 16-26 маусым аралығында әрбір облыстың жанынан құрылған Үйлестіру кеңесі жүзеге асырады. Үйлестіру кеңестері үміткерлердің құжаттарын қарап, конкурстың бірінші кезеңіне жіберу бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Байқауға Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының педагогтері қатысты.

11-21 шілде аралығында Министрлік құжаттарды қабылдау бойынша қосымша конкурс өткізді.

Бүгінгі күні келіп түскен өтініштердің жалпы саны 1500 астам бірлікті құрады. Ең көп құжаттар Алматы облысына келіп түсті.

Өткізілген конкурс, педагогтерді бөлу және жұмысқа қабылдау бойынша жалпы нәтиже ағымдағы жылдың 25 тамызына қарай орындалатын болады.

- Ауылдардағы мұғалім жетіспеушілігінің басты себептері қандай?

- Педагогтердің қажеттілігі негізінен ауылдық жерлерінің инфрақұрылымына байланысты. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мектептерінің аудан, қаладан шалғай жерлерде орналасуы, олардың материалдық техникалық жабдықталуы. Қазіргі таңда 2 725 шағын жинақталған мектеп білім беруде, онда 44 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқушы санының аз болуына байланысты педагогтің оқу жүктемесі де аз болады, бұл педагогтердің ауылдық жерлерге жұмысқа баруын төмендетеді. Сағаттың аз болуына байланысты мұғалімнің жалақысы да төмен болады.

- Ауыл мектептеріндегі білім деңгейі қандай?

- 2021 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен бірлесіп Ақпараттық-талдау орталығы Қазақстанда «Мектептерге арналған PISA» халықаралық зерттеуін өткізді. Қазақстаннан зерттеуге 200 мектеп пен колледж қатысты.

Оқу сауттылығы бойынша қала мен ауыл оқушыларының арасындағы алшақтық 22 балға қысқарып отыр. Алшақтық 2018 жылы 37 баллды құраса, 2021 жылы 15 баллға тең. Алшақтықтың осылай қысқаруы – ауыл мектептерінің нәтижесі қалаға қарағанда едәуір өсуінің нәтижесінде орын алып отыр.

- Ауыл мектептерін тәмамдап жатқан түлектер ҰБТда немесе республикалық, халықаралық олимпиадаларда қандай нәтижелер көрсетіп жүр?

 -   2021-2022 оқу жылында республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне 2044 оқушы қатысты. Оның ішінде 263 ауыл мектептерінің оқушылары. Олимпиада қорытындысы бойынша 920 қатысушы жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, 183 алтын, 274 күміс, 463 қола медальдармен марапатталды. Сонымен бірге 920 жүлдегердің 16 ауыл мектептерінің оқушылары (8 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль).

- Өңірлердегі мұғалім жетіспеушілігі мәселесі күрделі болса, оны қалай шешу жоспарланған?

- Ұлттық білім деректер базасының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінде еліміздің жалпы білім беретін мектептерде 338 мың жуық пән мұғалімдері бар.

2025 жылға дейін мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету болжамы әзірленді.

Қазіргі уақытта Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары бойынша жаңа нормативтік құқықтық акт (бұдан әрі - НҚА) әзірленді.

Осы нормативке сәйкес педагогтерді қабылдау нақты біліктілік көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.

Осы Қағидаларға сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері, сондай-ақ, педагог қызметін қайта жалғастыратын педагогтер аттестаттаудан өтеді.

Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін арнайы бағдарламалар әзірленді. Оның ішінде «Дипломмен ауылға», «Серпін», ««Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту». Бұл бағдарлама аясында ауылдық жерлерге жіберілген жоғары оқу орындарының түлектері мен жас мамандардың арасында әлеуметтік қолдау жүргізіледі.

- Өңірлерге, әсіресе, ауылдарға мұғалім болып баратын жастарға қандай жағдай жасалады?

- Жыл сайын 12 мыңнан астам жас маман білім беру ұйымдарына келеді.

Ұлттық білім қоры деректеріне сәйкес Алматы, Жамбыл облыстарына және Алматы қаласына ең көп жас мамандар келеді.

 «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жүктемені қысқарту және педагогтерді кәсіби қызметіне жатпайтын міндеттерді шешуге тартуға тыйым салу бойынша шаралар қабылданды. 2020 жылы мұғалімдердің еңбегін нормалау жүйесі әзірленді, ал 2021 жылдан бастап мектеп педагогтерінің 18 сағаттық жүктемесінен 16 сағаттық жүктемесіне көшу жүзеге асырылды.

Педагогтің кәсіби өсуінің жаңа жүйесін енгізудің арқасында жалақы лауазымдық жалақыдан 30%-дан 50%-ға дейін өсті (педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы ,педагог-зерттеуші, педагог-шебер).

 «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне біліктілік санатын беру рәсімінен өтпей, лауазымдық жалақысының 35% мөлшерінде қосымша төлеммен «педагог-сарапшы» біліктілік санаты беріледі. Мансаптың басында жас педагогтер жалақының айтарлықтай өсуіне қол жеткізе алады. Сондай-ақ жаңадан бастаған педагогтерді қолдау үшін тәлімгерлік институтын дамыту тетіктері көзделген.

Мемлекеттік орта білім беру ұйымында, сондай-ақ әдістемелік кабинетте кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін қосымша ақы беріледі.

Сонымен қатар, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге 25% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

- Рахмет!

Қазақ үні

Барлық құқықтар қорғалған. Мақаланы редакцияның жазбаша рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады.