Шолақайда мектеп оқушысын зорлап, өлтірген азғынға өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған
2022 ж. 03 тамыз
2161
2
Жаркенттегі қайғылы оқиға халықтың қабырғасын қайыстырды. Қаршадай қызды қапияда қолға түсіріп, жауыздық жасаған қылмыскердің әрекеті қоғам ішінде дүмпу туғызуда. Күдікті қолға түскен, кінәсін де мойындап отыр. Қазір Жетісу облысының полиция департаменті жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Шолақайдағы мектеп оқушысының зорлаушысы мен өлтірушісіне өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған
Ресми мәліметке сүйенсек, жергілікті полиция қызметкерлеріне Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылы тұрғынының атынан кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз түскен. 10-сыныпқа көшкен Құралай Қисабекова кешкісін ауылдағы құрбысына қонаққа барып, үйіне қайтып оралмаған. Аталған арыз бойынша Жетісу өңірінің полицейлері қызды іздеу жұмыстарын жүргізген. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құзырлы органдар онымен жыныстық қатынасқа түсіп, ісін жасыру үшін айуандықпен өлтіргенін мойындаған жергілікті Рустам Ахметов есімді азаматты анықтайды.
Күдіктінің айғақтарын тексеру және нақтылау барысында жәбірленушінің мәйіті ауылдың шетінен табылған, қазір сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі (кісі өлтіру), 10-тармағы (өзге қылмысты жасыру мақсатында) және 14-тармағы (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 1-тармағы (кәмелетке толмаған адамды зорлау) бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалды. Оның санкциясында 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», дейді Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, іс бойынша бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Тергеуді облыстық полиция департаментінің тергеушілері жүргізіп жатыр.
Туыстарының айтуынша, 15 жасар Құралай 21 шілдеде үйінен шығып, қайта оралмаған. Мәйіт араға апта салып, 28 шілдеде табылды. Айта кетейік, күдікті бұған дейін де істі болған екен. Мұны Құралай Қисабекованың туысы Кәмшат Көпбаева да айтып отыр.
«Осыдан бес-алты жыл бұрын кәмелет жасқа толмаған қызды зорлап, сотталды. Бірақ жаза мерзімін толық өтемей, тәртібіне байланысты бостандыққа шықты. Түрмеден босаған соң тағы бір қызды зорлап, қылмыстық жазадан жалтару мақсатында, сол қызға үйленді. Енді, міне, біздің қызымыз сол айуанның кезекті құрбаны болып отыр», дейді К.Көпбаева.
Егер адам бұрын да осындай әрекеті үшін сотталған болса, енді тура сол қылмысын бостандыққа шыққан соң қолы қалт етпей қайталаса, «не үшін және кімнің көмегімен мерзімінен бұрын бостандыққа шықты екен?» деген сауалдың туындауы анық.
Қазір әлеуметтік желіде алыпқашпа әңгімелер желдей есуде. Қанды қылмыс 4 адамның қолымен жасалғандығы туралы бұратартпа ақпараттар да өріп жүр. Құзырлы органдар күдікті заң бойынша ең ауыр жазаны арқалайтынын жеткізді.
«Жаркент өңіріндегі жағдай бойынша көбі сұрап жатыр. Бірден айтайын, қылмыскер бір адам. Ол бұрын зорлау бабы бойынша сотталған. Қазір қандықол қамауда. Әрі қарайғы жазасын құзырлы органдар соңына дейін әр деталін зерттеп, жеткізетін болады. Ол жақтан шығуы енді неғайбыл. Кеше қыз жер қойнына тапсырылды. Қыздың отбасына жан-жақты көмек көрсетілуде. Ауданда жағдай тұрақты. Сақтық шаралары жасалған. Тек чаттар мен әлеуметтік желілерде әртүрлі жалған ақпаратқа дүрлігіп жатқан азаматтар баршылық. Оларды түсінуге болады. Алайда айналып келгенде зардап шегетін өзіміз», дейді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.
Кез келген қылмыс болсын, қылмыскер болсын, ұлтқа бөлінбейді. Айыпталушы әділ жазасын тартады деген үміттеміз. Оқиға барысы ұлтаралық сипат алып кетпес үшін, қазір Шолақай ауылында қауіпсіздік шарасы күшейтілген.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде осы дерекке қатысты жалған ақпарат тоқтаусыз таратылуда. Бұл үрдіс қоғамдық көңіл күйді бұзып, құқық қорғау органдарына сенімсіздік тудыруда. Осыған орай қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қаралатынын ескертеміз және азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенім білдіруін сұраймыз. Сондай-ақ туыстарының кәмелетке толмаған қызды өз бетінше іздеу жұмыстарының нәтижесі болмағаннан кейін полицияның көмегіне жүгінгені және тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың із-түзсіз жоғалғаны туралы деректі дереу тіркеп, іздеу амалдарына кіріскенін атап өтеміз.