Израиль министрі еврей журналистің Меккеде түсірген репортажын ақымақтыққа теңеді

Израиль министрі еврей журналистің Меккеде түсірген репортажын ақымақтыққа теңеді

Израильдің аймақтық ынтымақтастық министрі Исави Фрей израильдік журналистің Меккеден түсірген телерепортажын «ақымақтық» деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Haaretz басылымына сілтеме жасап.

Дүйсенбі күні Израильдің Chanel 13 телеарнасы Сауд Арабиясының Мекке қаласында түсірілген әлемдік жаңалықтар редакторы Гил Тамаридің телерепортажын көрсетті. Ислам дінін ұстанбайтын адамдардың мұсылмандардың қасиетті орнына баруына тыйым салынғанына қарамастан, журналист қасиетті қалаға жасырын барған.

Он минуттық видеорепортажда израильдік репортер жергілікті гидке ұқсайтын адаммен бірге жүреді. Тамари иврит тілінде ақырын ғана дауыстап репортаж түсіріп, кейде басқаларға өзінің еврей екенін білдіртпес үшін ағылшын тіліне ауысады. Журналист Арафат тауына көтерілген сәтін де түсіріп алған.

Бұл оқиға Таяу Шығыс елдерінде халықтың наразылығы мен өткір сынына ұшырады. Эфирге шыққаннан кейін Тамаридың өзі де мұсылмандардан кешірім сұрады.

«Қайталап айтқым келеді, бұл Меккеге сапар мұсылмандарды немесе басқа да адамдардың ашуына тию үшін жасалмаған. Видео біреуді ренжіткен болса, кешірім сұраймын. Бұндағы мақсат Меккенің маңыздылығын және діннің көркемдігін көрсету, сол арқылы діни төзімділік пен инклюзивтілікті арттыру болды», - деп жазды журналист Твиттерде.

Сәрсенбі күні Израильдің аймақтық ынтымақтастық министрі Исави Фрей репортажға «ақымақтық әрі зиян тигізетін» деген баға берді.

«Менің ойымша, бұл ақымақтық болды ... мүлдем орынсыз және жай ғана рейтинг үшін жасалған дүние», - деді Израиль тарихындағы екінші мұсылман министрі Фрей.

Оның пікірінше, бұл жағдай Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мүмкіндігіне нұқсан келтіреді.