Назарбаевтың ескерткішін қиратқаны үшін үтікпен азапталған белсенді Азамат Батырбаев сотталды
2022 ж. 07 шілде
1236
0
Сот шешімімен ол шартты түрде 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Талдықорғандағы Назарбаев ескерткішін қиратты деп айыпталған Жетісу облысының 38 жастағы тұрғыны шартты түрде сотталды. Талдықорған қалалық соты Азамат Батырбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Тергеу материалдары мен сотталушының өз кінәсін мойындағаны туралы процессуалдық келісім сотқа түсті. Сот шешімімен ол шартты түрде 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Осы мерзімде сотталушыға пробациялық бақылау жасалады", - деп хабарлады Талдықорған қалалық соты.
Еске сала кетейік, 38 жастағы Азамат Батырбаев қаңтарда Талдықорғанда болған тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жауапқа тартылды. Ол 2016 жылы орталық алаңда орнатылған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін бұзу кезінде жүк көлігін жүргізген.
Кейінірек Батырбаевты аяусыз азаптағаны туралы ақпарат қоғамды дүрліктірді. Оның денесін күйдіріп, көгала қойдай етіп сабаған. Ер адам тәртіп сақшылары үтікпен азаптағанын айтты, содан кейін полиция қызметкерлерінің бірі ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.