Ақтөбеде жаңа туған үшемге Қасым, Жомарт, Кемел есімдері қойылды

Ақтөбеде жаңа туған үшемге Қасым, Жомарт, Кемел есімдері қойылды

Үшемді «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота алған ана өмірге әкелді. Олардың есімі - Қасым, Жомарт, Кемел, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бала сүюді армандап жүрген талай отбасына қуаныш сыйлады.

Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшемді өмірге әкелген ана 13 жыл бойы тағы да балалы болуды армандаған.

«Отбасының тұңғышы 13 жаста. Содан бері балалы бола алмаған соң квотаға өтініш берді. Үшемге жүкті болған кезде біз үнемі бақылап, өз қадағалауымызға алдық. Анасы баланы айы-күні жеткенде кесір тілігі арқылы өмірге әкелді. Қазір үш сәби де анасының жанында. Жағдайы жақсы», - облыстың штаттан тыс бас репродуктологы Светлана Есенаманова.

Балалардың салмағы - 2620, 1925 және 2270 грамм. Бұл - үшемдер үшін қалыпты салмақ.

«Үшем 27 мамыр күні өмірге келді. Анасы 35 жаста. «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижесі деп білеміз. Перинаталды орталықта соңғы рет үшем екі жылға жуық уақыт бұрын ғана өмірге келген екен», - деді Светлана Есенаманова.

Айта кетейік, жасанды жолмен ұрықтандыру орталығы арқылы бір аптада 5 ер, 2 қыз бала өмірге келді.

Светлана Есенаманованың айтуынша, былтыр ең жас ана - 24, ең үлкені - 42 жаста болған.