Алматыда есірткі сатқан мейрамхана аспаздары ұсталды

Алматыда есірткі сатқан мейрамхана аспаздары ұсталды

Алматыдағы танымал мейрамхана аспаздары есірткі саудасымен айналысқан. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бірнеше апта жедел ақпаратты тексердік. Күдіктілердің қылмыстық әрекеті расталды. «Гашиш» сатқан элиталық мейрамханалардың бірінің аспазы 1973 жылы туған М. есімді азамат жұмыс орнында ұсталды. Сондай-ақ, күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында екі сіріңке қорапшасынан және сығымдалған гашиш салынған дөңгелек бумадан есірткі заты табылды»,- деді, Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов. 

Сонымен қатар, тексеру барысында есірткі сатумен айналысқан 42 жастағы аспаз-әйел анықталды. Д. есімді азаматшаның үйінен ұнтақ зат салынған пакет табылды, оның шынайы есірткі екені сот-химиялық сараптама арқылы дәлелденді. 

Екі дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөліміне сай қылмыстық іс қозғалды.