«Ақ жол» жеке секторда жұмыс жасап жатқан IT-жобаларға бюджет қаражатын жұмсау орынсыз деп санайды

«Ақ жол» жеке секторда жұмыс жасап жатқан IT-жобаларға бюджет қаражатын жұмсау орынсыз деп санайды

«Ақ жол» жеке секторда жұмыс жасап жатқан IT-жобаларға бюджет қаражатын жұмсау орынсыз деп санайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жолданған фракцияның депутаттық сауалын Ғани Хамзин жариялады.

***

«Еңбек шарты, кәсіподақтар, еңбек демалысы сияқты еңбек нарығының әдеттегі сипаттамалары бұрынғыдай әмбебап емес. Фрилансерлер, аутстафферлер және тағы басқалардың саны артып келеді. Осыған байланысты бізге Жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын нормативтік реттеуді көздеу қажет», – деді Президент 2019 жылғы мамырда жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі кеңесте.

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау үшін Еңбек министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығару бағдарламасы мен «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын таныстырды. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тіркелуге және тапсырыстар табуға көмектеседі. Қосымшада рейтингтер, қысқартылған еңбек шарты қарастырылған, Еңбек министрлігінің растауы бойынша бұл платформа Kaspi-ге ұқсас болады. Өнім қазірдің өзінде жасалды және сынаудан өтті. Оны әзірлеуге «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жауапты. Бұл квазимемлекеттік кәсіпорын, оның жалғыз акционері - Еңбек министрлігі. Бұл «Платформалық жұмыспен қамтуды» әзірлеу және енгізудің ақысы салық төлеушілердің есебінен төленетінін білдіреді. 

     Алайда, мемлекеттік кәсіпорын бізде 2014 жылдан бері енгізіліп келе жатқан «Yellow pages rule» қағидасына қайшы жеке нарықпен бәсекелесуге ниетті. Жоғарыдағы аталғанға ұқсас қосымшаларды жасаушылар Naimi.kz, Easy Top, Market.kz. OLX және басқалары қосымшаны әзірлеуге және маркетингке өз қаражаттарын салған. Сонымен, Market.kz-тің тек қызмет көрсету бөлімінде 43 мыңнан астам хабарландыру, Naimi.kz өткен жылы 134 мың маманды жұмыспен қамтыды. Бұл тек екі компанияның көрсеткіші. Олардың барлығы уәкілетті орган айтқан мәселелерді шешуге бағытталған. Сондықтан «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын енгізу туралы жаңалық стартапшылар үшін жағымсыз соққы болды.  

      IT-бизнеске қатысты келісілмеген саясат бар. Цифрлық даму министрлігі Astana Hub құрылтайшысы болып табылады және IT-стартаптарды дамытуға көмектеседі, ал Еңбек министрлігі бұл стартаптармен бәсекелеседі.

Фрилансерлер «таза» жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет. Негізінен, фрилансерлер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін нормативтік реттеу жоқ. Мәселен, Ресейде бұл проблеманы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін енгізу есебінен шешеді: 4% - егер жеке тұлғалар басқа жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе, 6% - егер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар заңды тұлғаларға қызмет көрсетсе. Ал бізде министрліктің көмегінсіз өздеріне Тапсырыс таба алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жағдай әлі жасалған жоқ. Ал қосымшаны жасауға ақша жұмсалуда. 2019 жылғы сол отырыста Президент «Бұл мәселені шешуге кешенді көзқарас қажет, шенеуніктерге емес, адамдарға ыңғайлы құралдар қажет» деп атап өтті.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» фракциясы келесіні қажет деп санайды:

1. Жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын ыңғайлы нормативтік реттеуді енгізу.

2. «Платформалық жұмыспен қамту» мобильді сервисін әзірлеуді және қаржыландыруды тоқтату.

Жалпы, «Ақ жол» фракциясы бюджет қаражатын жеке секторда жұмыс жасап тұрған IT-шешімдерді әзірлеуге жұмсауды орынсыз деп санайды. Қойылған міндеттерді шешу үшін бірлескен тәсілдерді қолдану қажет.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары