Қоғам белсенділері қазақ тілінен онлайн курсты әзірледі
2022 ж. 27 сәуір
621
0

Курсқа этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық одақтардың жас өкілдері қатыса алады.
Республикада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы іске асырыла бастады. Ол жастардың шығармашылық әлеуетін тарту арқылы мемлекеттік тілді насихаттауға және дамытуға бағытталған. Жоба аясында бірқатар мәдени - ағартушылық іс-шара, дебаттық турнирлер өткізіледі деп жоспарлануда.
«Біздің мақсатты аудаториямыз – жас қазақстандықтар. Жобаны іске асыру барысында біз еліміздің барлық өңірлеріндегі этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыста боламыз. Әр түрлі шығармашылық одақтардың жас белсенділері үшін арнайы дәрістер, практикалық тапсырмалар ұйымдастырамыз. Онлайн-курс барысында тыңдаушылар орфографиялық сауаттылық деңгейін арттыра алады. Өйткені мұнда тек емле ережелерін оқытылатын болады. Біздің курстарымыздан кем дегенде 500 адам өтеді деп ойлаймыз», - деді жоба үйлестірушісі Фаузия Саметова.
Оқу аяқталған соң тыңдаушылардың алған білімін бағалау үшін курс ұйымдастырушылары диктант өткізеді.
Айта кетейік, «Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.