«Ақ жол»: Қазақстан коронавирустың жаңа толқынынан қалай сақтанады?

«Ақ жол»: Қазақстан коронавирустың жаңа толқынынан қалай сақтанады?

Қытайда коронавирустың жаңадан өршуіне байланысты «Ақ жол» фракциясы Денсаулық сақтау министрлігіне пандемияның қайталану қаупін ескеруді және дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарын дайындауды ұсынды.

Бұл туралы партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.

Ол екі жыл бойы ковидпен жан берісе күрескен медицина қызметкерлерінің барлығына ризашылығын білдіріп, бірақ, пандемияны толық жеңдік деп айтуға әлі ерте екенін атап өтті.

«БАҚ Қытайда ковидтің жаңа өршуі туралы хабарлады. Қазақстанның мұндай қауіпке дайындығы қандай?», – деп құзырлы мемлекеттік органдарға сұрақ қойған Азат Тұрлыбекұлы «Ақ жолдың» жақында жолданған депутаттық сауалына тоқталды.

Аталмыш сауалда фракция дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізу үшін «СК-Фармация» мен өндірушілер арасындағы ұзақ мерзімді шарттарды ұзартуды талап еткен болатын.

«Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерді сатып алу туралы сұраққа жауап берді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, инфекцияға қарсы тұруда медициналық қорғаныс құралдары – маскалар, қолғаптар, жеке қорғану құралдары да маңызды рөл атқарады. Коронавирустың жаңа толқыны өзекті болып тұрған жағдайда олардың қорын қамтамасыз ету қажет», – деді «Ақ жол» басшысы.