Адам құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелеріне арналған отырыс өтті

Адам құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелеріне арналған отырыс өтті

2022 жылғы 31 наурызда Игорь Роговтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметінде адам құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелеріне арналған отырысы болып өтті.

Аталған тақырыпта ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев және ҚР Бас Прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев баяндама жасады.

Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, білім, ғылым және мәдениет ұйымдарының, жұртшылықтың және БАҚ-тардың өкілдері қатысты.

Комиссия отырысында құқық қорғау органдарының қызметі барысында азаматтар мен өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен, БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісімен, Азаптауларға қарсы конвенциямен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған басқа да халықаралық шарттармен кепілдік берілген құқықтарын сақтау және қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.

Комиссия төрағасы Игорь Рогов өз сөзінде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметінде, әсіресе қылмыстық процестің бастапқы сатыларында адам құқықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары үшін кадрларды сапалы даярлау мен қайта даярлауға ерекше назар аударды. Дәл осы құқықтық мәдениет деңгейі жоғары білімді кадрлар процестің кез келген сатысында азаматтар мен өзге де адамдардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін болады.

Талқылау барысында Комиссия мүшелері Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы» Жолдауында айтылған нұсқауларын ескере отырып, қылмыстық процестің бастапқы сатыларында, сондай-ақ жабық мекемелерде азаптаудың алдын алу және оны болдырмаудың мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы мен құқық қолдану практикасына азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі БҰҰ Ыстамбул хаттамасының нормаларын енгізу бойынша нақты шаралар қабылдау ұсынылды.

Бұдан басқа, бірқатар сарапшылар құқық қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдірудің және оны ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына сәйкес келтірудің маңыздылығын атап өтті.

Отырыста Комиссия мүшелері еліміздің құқық қорғау және арнайы органдары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Комиссия отырысында мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен құқық қорғау ҮЕҰ қызметкерлері және қалың жұртшылық өкілдері үшін «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингтерін өткізудің өзекті мәселелері талқыланды. 

Комиссияның отырысында әзірленген оның ұсынымдары Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің назарына жеткізілетін болады.