«Наурыз – ел бірлігінің мәдени коды» атты халықаралық конференция өтті
2022 ж. 18 наурыз
1416
0
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО өкілдігі, Иран Ислам Республикасы, Түркия Республикасы, Түркіменстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы елшілігі тұлғаларын, мамандарын, шетелдік және отандық ғалымдар қатысқан «Наурыз – ел бірлігінің мәдени коды: ізденіс, тұжырымдама, тәжірибе» атты халықаралық конференцияда адамзат тарихында орны айрықша мерекенің бүгінгі замандағы мәртебесі мен ғылыми-практикалық жан-жақты зерделеніп, байыпталды. Ғылыми жиынға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдар наурызтанудың қазіргі өзекті мәселелерін талқылап, бүгін, таяуда және болашақта атқарылатын ғылыми ізденістер мен жобалардың іс-жоспарын белгіледі.
Қатысушы ғалымдар конференцияның төмендегі қарарын қабылдады:
Наурызнамаға байланысты зерттеулер мен практикалық ізденістердің мейлінше толық электрондық базасы жасақталсын;
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық және Әлеуметтік ғылымдар факультеті (философия, этнология, мәдениеттану бағыты) тарапынан «Наурыз мерекесі: заманауи талғам мен талап» атты жұмыс комиссиясы құрылсын;
Соңғы жылдардағы «Наурыз мерекесін» атап өту мен жүргізудің сценарийлері тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ғалымдардың сүзгісінен өтіп, жинақ түрінде әзірленіп, шығарылып, тиісті орындарға, барлық кітапханаға таратылсын;
Наурыз мерекесіне қатысты іс-шаралар кешені Тәуелсіздік құндылықтарымен сабақтастырыла байыпталып, кеңінен насихатталсын;
«Тарихи Наурызнама» (әлемдік антология) БҰҰ тілдеріне аударылып, халықаралық кеңістікке танытылсын;
Наурыздың мән-маңызына байланысты ғылыми тұжырымдар мен қағидаттар білім үдерісіне, әсіресе мәдениеттану, философия, этнология және өнертану салаларына енгізілсін;
Парсы және түркі мәдениетіндегі наурызнамаға байланысты тәжірибелер, ойлар, ғылыми қорытындылар әлем мәдениетінде кең қолдануға мүмкіндіктер жасалсын;
Түркістан өңірінде сақталған көне ескерткіштерді, соның ішінде наурызға қатысты ғұрыптарды зерттеуге ат салысу;
Шығыс елдері мен Түркі дүниесінің халықаралық саяси, экономикалық, мәдени шараларын Наурыз мерекесіне орайластыру сұралсын;
Наурызға орай халықаралық кітап және ұлттық мәдениет көрмелері ұйымдастырылсын;
«Наурыз» төсбелгісін әзірлеу, оны қоғамға кеңінен тарату жауапты орындардан сұралсын;
Наурыз шараларының бүлдіршіндер мен балаларға арналған танымдық және заманауи бағдарламалары көбейтілсін;
Наурыздың (мерекенің) технологиялық, ақпараттық, қолданбалық мазмұнын, маңызын, әлеуетін көтеруді қолға алу керек;
Қайырымдылық, рахымшылық шараларын Наурызға орайластыруды қарастыру.
Қарар жобасы конференцияның қорытынды бөлімінде оқылып, талқыланып, бекітілді.