Халықаралық әйелдер мерекесіне орай 5500 кітап қойылған көрме өтті

Халықаралық әйелдер мерекесіне орай 5500 кітап қойылған көрме өтті

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Еліміздің қайраткер, іскер, шығармашыл зиялы әйелдеріне арнап «Бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы - Аналар!» тақырыбында кең көлемді иллюстративті-кітап көрмесін «Қазмедиа орталығы» өтті. 

Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгә тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі-өсиет, тұғыры биік.  

Көрме ұйымдастырудағы мақсат баршамызға шуағын шашып, жүрегімізге жылулық орнататын қастерлі мереке – Халықаралық Әйелдер күнінде нәзік жанды Қазақстанның қайраткер, іскер, шығармашыл зиялы әйелдерінің қоғамдағы рөлін көрсету, өмір және еңбек жолын, шығармаларын өскелең ұрпаққа, жастарға үлгі ету, ананың қадірін арттыру, кітапхана қорындағы аналар туралы жарық көрген кітаптарды насихаттау. 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева: Жылы шырайлы көктемнің алғашқы бір күндері барша азаматтың көңілін жадырата келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен барлық қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймыз.

Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-әпке, сіңлілеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.

Баршаңызға мереке қайырлы, құтты болсын! Әрбір шаңыраққа шаттық пен бақыт, отбасының аманшылығын, еліміздің өсіп-өркендей беруін тілейміз. Өмірдегі әйел жаққан шырақ сөнбесін!деп құттықтады. 

Көрме «Өнер саңлақтары» «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» «Қазақтың ақын-жазушы қыздары» «Спорт арулары» «Тарихтағы Ұлы Аналар» «Қазақтың Батыр қыздары» алты бөлімнен тұрады. Оның әр бөлімі Ұлы даланың Ұлы аналарынан бастап, ұлттың басына қиыншылық төнген кезде батырлықтың үлгісін көрсеткен қаһарман қыздарымызды, қоғам және мемлекеттік қайраткер, іскер, өнердегі, спорттағы аруларымызды дәріптейді, Кітаптардан инсталляциялар ұйымдастырылады. Тарихи тұлғаға айналған аналар мен елімізге белгілі ақын-жазушы апайларымыздың образдары жанды инсталляциямен сомдалады. Көрме аясында әдеби-музыкалық концерттік бағдарлама қойылды. Іс-шараға елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Әлібек Асқаров, Сейдахмет Құттықадам, Алтыншаш Жағанова, ҚР Паралменті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт және Жапония, Германия, Мысыр, Израил, Беларусь елдерінің елшілері қатысты.