«Алғыс айту» күніне орай екі бірдей шара өтті

«Алғыс айту» күніне орай екі бірдей шара өтті

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында пробация қызметінің есебінде тұрғандардың түзелу жолына түсуі үшін «Алғыс айту» күніне орай екі бірдей шара өтті. Бірі, аудан әкімшілігі мен мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп, қателікке бой алдырған адамдарға арнап «Елдігім-бірлігім» атты патриоттық концерттік шара өткізді. Бұл шараға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық пробация қызметінің қызметкерлері, пробация есебінде тұрған 18-29 жас аралығындағы қырыққа жуық сотталғандар қатысты.

Аталған концерттік шараның мақсаты, ойнап жүріп от басқан жастарды қоғамға бейімдеу болып табылады. Сондай-ақ, оларға Отанына деген сүйіспеншілік сезімі, алтын діңгек - ұшқан ұядан басталатынын ұғындыру болып табылады. Сонымен қатар,, пробация қызметінде есепте тұрған жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, олардың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік және құқықтық, психологиялық көмек көрсетуге, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету болып табылады. Аталған шарада сөз алған Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы алғыс айту күнімен құттықтап, жылы лебізімен концертті ашып беріп, азаматтарға үкіметтен беріліп жатқан гранттар мен көмектер жайлы түсіндіріп өтті.

Концерттік шарада бірі әуелетіп әуезді ән салса, енді бірі құлақтың құрышын қандырып дәстүрлі әндерді орындады. Осылайша, концерттік бағдарлама көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жаза басып жаңылғандардың рухани тұрғыда оңалту еді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады.

Өз халқыңның тарихының өнегелі жақтарын білу, өз еліңнің кешегі және бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету, оларға сай болу патриотизмнің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыда алғанда, аудандық әкімдікпен белгілі деңгейде әр түрлі шаралар жүргізілуде.

- Пробация қызметі есебенде тұрған азаматтар мен жастарды осындай концерттік және профилактиқалық іс-шараларға алып барамыз. Біздің басты міндетіміз жаңылған жандарды қоғамға бейімдеу, олардың қайта қылмысқа бармауын қадағалау болып табылады. Берілген міндетті атқара білу, жауапкершілікті болу және адамдармен жақсы қарым-қатынас құра алу өте маңыды. Жастарды өз Отанын сүюге, құрметтеуге тәрбиелейтін шараларды алдағы уақытта ұйымдастыруды қолға алып отырмыз, - деді Мақтаарал аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет майоры Нартай Сабаев.

Аталған шарада жастар өздерінің елін, жерін, отбасын, ата-анасын құрметтеу керек екенін түсінгендей болды. Сахна төрінде шырқалған патриоттық әндерді қосылып шырқады.

- Бүгінгі концерттік шарадан көп нәрсені көңіліме түйдім. Әсіресе, патриоттық әндер маған қатты әсер етті. Әрине, өзімнің жасаған қателігімді түсіндім. Қазіргі таңда қатты өкінемін. Өткен іске өкінумен өткенше, жарқын болашақты таңдап, алдыма қойған мақсатыма жетуге бел байладым. Адам болу үшін ең алдымен Отанды, еліңді, жеріңді, отбасыңды, ата-анаңды құрметтеуің қажет. Менің жасаған қателігімді түзеуіме мүмкіндік берген ата-анама және Мақтаарал аудандық пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын, - деді пробация есебінде тұрған Сержан.

Наурыз айының беташар күні мерекелік құттықтау, бір-біріне деген ыстық ықылас пен ризашылық сөздермен бастау алды. Қаhарлы қыс бітіп, жайма шуақ мезгіл көктемнің алғашқы мерекесі тойлануда. Мақтарарал аудандық пробация қызметінің қызметкерлері айтулы мереке күні пробация есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратуды да ұмытпады. Жамбыл ауылдық округі әкімдігімен бірлесіп он отбасыға қажетті азық-түлік себетін үлестірді. Алғыс айту күні қазақ жерін мекен ететін халықтардың нәубетті жылдарымен тығыз байланысты. Біздің халқымыз қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған соғыс, ашаршылық секілді азапты күндерді көрді. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген қаншама ұлтқа пана бола білді. Дана халқымыз пана сұрағандардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек артық айтқандығымыз емес.

Ұйымдастырушылар көмек мұқтаж отбасыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, мерекеге арнайы жасалған азық-түліктер жиынтығынан тарту таралғылар жасады. Ал әкімшілік және пробация қызметкерлері қиын жағдайға түскен отбасыларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды. Мұқтаж отбасы мүшелері тек бір реттік көмекпен қамтылып қоймай, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа тартылып отыр. Мұндай бір реттік көмектер мұқтаж отбасыларына теңдей жүйелі түрде үлестіріледі. Себебі, мұндай жәрдемнен тұрмысы төмен отбасыларының ешқайсысы да тыс қалмауы тиіс.

- Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Себебі, олар көмекке мұқтаж. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз. Осындай қайрымдылық шарасы осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да игі істер жасау жоспарда бар, – деді Мақтаарал аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет майоры Нартай Сабаев.

Өздеріне көрсетілген көмекке риза болған отбасылар пробация және әкімшілік қызметкерлеріне алғысын білдірді.

-Пробация қызметінің қызметкерлері мереке сайын қайрымдылық шарасын ұйымдастырып, азық-түлік таратып тұрады. Әрине, баламның қателікке бой алдырып қылмыс жасағанына қатты қиналамын. Әрбір ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Әрине, ұлымның тәрбиелі, өнегелі, адам болғанын қалаймын. Қазіргі таңда, ұлым өзінің жасаған қалегінін түсініп, жұмысқа тұрып, өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Ұлымның түзелу жолына түсуіне септігін тигізген пробация қызметкерлеріне алғыс айтамын, - деді сотталған азаматтың анасы Гүлбаршын апа.

Раушан НАРБЕК,

Қазақ үні