Қорғаныс министрінің орынбасары Қазақстан әскерінің әлеуеті туралы айтты

Қорғаныс министрінің орынбасары Қазақстан әскерінің әлеуеті туралы айтты

Геосаяси жағдайдың тұрақсыздығына байланысты «Қазақ үні» ақпарат агенттігінің тілшісі Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қамалетдинов Сұлтан Бүркітбайұлына Қазақстан әскерінің жағдайы туралы бірқатар сұрақтар қойған болатын. 

Генералмен болған сұхбатты оқырман қауымға ұсынамыз. 

- Әскери қызметке шақырудың тартымдылығын арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Мемлекет басшысының жастарды әскери қызметке ынталандыруды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс Министрлігі бірқатар ұсыныстар әзірледі. Заңнамаға енгізілген түзетулер әскерге шақыру жасындағы жастар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдауға қатысты.

Әскери қызметшілердің мерзімді қызмет өткеруі кезеңінде олардың отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтерді төлеу кезінде жеңілдіктер беру ұсынылады.

Қосымша қолдау мерзімді әскери қызмет кезеңінде несиелер бойынша кейінге қалдыру болуы мүмкін. Сондай-ақ білім беру секторында жеңілдіктер де ұсынылды.

- Бүгінгі таңда Қазақстанда әскери техника мен қару-жарақтың жағдайы қандай? Бізде қанша қару-жарақ пен әскери техника бар?

- Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілеттілігі әскерлердің техникалық жабдықталуына тікелей байланысты. Қарулы Күштердің мұқтаждары үшін қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу армияны қайта жарақтандыру жөніндегі жоспарларға сәйкес қазіргі қажеттілікті ескере отырып және бөлінген бюджет қаражаты шеңберінде жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара іс-қимыл жасай отырып, әскерлерді техникалық қайта жарақтандыру бойынша шаралар қабылдануда. Отандық өндірушіге басымдық беріледі. Бұл ретте әскери техника жауынгерлік міндеттерді орындауға сәйкес келуге тиіс.

Жыл сайын бөлінген қаражат аясында әскерлер жүйелі түрде жаңа үлгілермен толықтырылады.

Кеше Жоғарғы Бас қолбасшы кеңес өткізді, оның барысында Қарулы Күштерімізді жаңғырту бойынша бірқатар міндеттер қойылды. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысына сәйкес жоспарланған қару-жарақтың жаңа жүйелерін сатып алу көзделіп отыр. Әскери-теңіз күштері үшін, Әуе қорғанысы күштері үшін броньды танк, зымыран-артиллериялық қару-жарақ техникасы ретінде сатып алынатын болады.

Сонымен бірге қару-жарақ пен әскери техниканың саны туралы деректер таратылуы шектелген мәліметтерге жатады.

- Біздің армия қазір Украинада болып жатқан жағдайға дайын ба?

- Армияның жауынгерлік әлеуеті бірнеше факторлардың жиынтығынан құралады: жеке құрамның жасақталуы, әскерлердің даярлығының сапасы мен деңгейі, бөлімшелердің үйлесімдігі, олардың техникалық жарақтандырылуы және басқалары.

Қарулы Күштердің негізін келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер құрайды. Олардың дайындығы жыл сайын Қазақстан аумағында да, шетелде де өткізілетін оқу-жаттығулар барысында расталады. Біздің әскери қызметшілер халықаралық әскери ойындарға қатысу кезінде жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.

Сонымен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді ел Президентінің тиісті ұсынысы негізінде Парламент қабылдайды.