Депутаттардың белсенділік рейтингі: «Ақ жол» фракциясы көш бастап тұр
2022 ж. 02 наурыз
1836
4

Парламент Мәжілісінің сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтті. Оған бес саяси партия қатысты. Олардың үшеуі 7 пайыздан астам дауыс жинап, Мәжіліске өткен болатын – сол кездегі «Нұр Отан», қазіргі «АМАНАТ» (71,09%), «Ақ жол» (10,95%) және Қазақстан халықтық (9,10%) партиясы.
Осы орайда, Мәжіліс жұмысын сараптаған Orda.kz порталы депутаттардың белсенділік рейтингін жариялады.
Атап өту керек, Мәжілісте билік партиясынан – 76, «Ақ жолдан» – 12, ҚХП-дан – 10 депутат бар, тағы 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Бір жылда жалпы саны 32 депутат 422 сауал жолдаған.
Рейтингте «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы көш бастап тұр. Мәселен, депутаттар Серік Ерубаев – 124, Қазыбек Иса – 123 сауал жолдаған екен. «Ақжолдың» депутаттық сауалдары ұлттық экономика, кәсіпкерлер мүддесі, мемлекеттік тіл, Алаш мұрасы, спорт, білім, вакцинация, Қаңтар оқиғасының әділ зерттелуі, нәтижесі бойынша парламенттік тыңдау өткізу, бейбіт митингке шыққан жазықсыз жастарды босату секілді көптеген өзекті тақырыптарды қамтыған.
ҚХА фракциясынан ең көп сауалды (28) Сауытбек Әбдірахманов, Наталья Дементьева, Владимир Тохтасунов жолдады. Жамбыл облысындағы Сортөбе ауылының бұрынғы әкімі Ілияс Буларов 26 сауал жолдаған. Алайда оның бір өтініші ғана сол өңір мәселесін қозғаған.
Қазақстан халықтық партиясынан Ирина Смирнова ең белсенді болды, ол 101 сауал, Айбек Паяев пен Айжан Сқақова – 90 сауалды жолдады.
Бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясы фракциясынан ең көп сауал жолдаған Әлия Әбсеметова (52), ал, ең аз көрсеткіш Анатолий Бойчин, Дмитрий Колода, Сергей Симоновтарға (1 сауал) тиесілі.
Ал, Игорь Панченко мен Марат Құсайнов мүлдем сауал жолдамаған екен.