«Ақ жол» демпартиясының сауалы бойынша шенеуніктерге қылмыстық іс қозғалды

«Ақ жол» демпартиясының сауалы бойынша шенеуніктерге қылмыстық іс қозғалды

Ұлттық экономика министрлігінің, сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің әрекетсіздігі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Бас прокуратура.

«2021 жылғы 15 қаңтарда Президент Әкімшілігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, кірме жол операторларының, оның ішінде «Көлікке қызмет көрсету орталығы» АҚ қызметіне талдау жүргізуді тапсырды», - делінген ҚР Парламенті Мәжілісінің «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалына Бас прокуратураның жауабында.

Қадағалау органының мәліметінше, көлік прокуратурасы монополистердің бәсекелестікке қарсы әрекеттерін (кірме жолдарға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етпеу) және монополияға қарсы заңнаманы бұзғанын анықтады.

«Осы фактілер бойынша сегіз монополист ҚР ӘҚБтК-нің 164-бабы (табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзу) бойынша 13 миллион теңге айыппұл (төленген айыппұл) түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, прокурорлық қадағалау актілері бойынша алты монополия субъектісіне уақытша (өтемдік) тарифтер бекітіп, 17 субъекті табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді», - делінген жауапта.

Сондай-ақ, Бас көлік прокуратурасы осы саладағы субъектілердің қызметін реттеу бойынша ұсыныстар әзірлеп (жекешелендіруге жатпайтын темір жол жолдарының тізбесін жаңартуға, кірме жолдарға қолжетімділікті қамтамасыз еткені үшін алым алу нормативтерін әзірлеуге, жолдарды жөндеу мерзімдерін белгілеу) БҚДА-ға жіберді (оларды орындау белгіленген министрліктерге жүктеледі).

«Алайда бұл министрліктер ұзақ уақыт бойы (10 ай) мемлекеттік бақылауды күшейтуге, жосықсыз бәсекені жоюға бағытталған қажетті құқықтық актілерді қабылдамаған. 12 ақпанда БКП-нің аталған фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабы (қызметтегі әрекетсіздік) бойынша Ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп, материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке процессуалдық қарау үшін жолданды», - деп хабарлады Бас прокуратурадан.

Атап өткендей, бүгінде монополияға қарсы орган 20-дан астам монополистің тарифін орта есеппен 80%-ға төмендетті.

«Мысалы, ОКЖ тарифі T2205-тен T169-ға дейін төмендетілді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтерді қайта қарауды жалғастыруда (соның ішінде «ППЖТ-1» ЖШС, «ППЖТ-2» ЖШС және «Фирма Энисей» ЖШС). ОКЖ-ның кәсіпкерлерге айыппұл салуына қатысты, 16 ақпанда БКП Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне және ҚР БҚДА-ға кәсіпкерлік субъектілерінен ОКЖ алымдарын өндіріп алудың заңдылығына құқықтық баға беру туралы нұсқау жібергенін хабарлаймыз», - деп толықтырды Бас прокуратура.

Алайда, кірме темір жол монополистеріне қатысты іс әлі толық шешілген. 

Бұл туралы «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев телеграм каналында жазды. 

- Бүгін таңертең әріптестерімізбен Петропавл қаласының қонақ үйінде таңғы ас ішкен кезде маған осы қонақүйдің тағы бір қонағы келіп жүгінді. Ол Ақмола облысынан келген кәсіпкер екенін айтып, т/ж тұйықтарының монополистері бойынша мәселенің шешілгені үшін шын жүректен алғыс айтты. "Осы жылдар ішінде олар біздің қанша қанымызды ішті... Әр тауарға олардың тарифтерін қосуға тура келді. Үлкен рахмет!».

Мен мәселе әлі толық шешілмегенін еске салдым. Қазір олар тарифтерді 10-12 есе төмендетуге міндеттелді. Бірақ алты ай немесе бір жыл өткен соң, бүгінгі наразылық ұмытылып, мәселе қайтадан пайда болуы мүмкін.

Сондықтан, тарифтерді төмендету ғана міндет емес, кірме темір жолдарды өздері жұмыс істейтін кәсіпорындарға беру керек.

Оның үстіне, бұл монополистер заңсыз сот шешімдері арқылы көптеген зауыттардың өз жолдарын мәжбүрлеп алып қойды. 

Сондықтан мәселе әлі жабық емес, - делінген жазбада.