ҚР-да тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру жұмысы аяқталды — Қаржы министрлігі

ҚР-да тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру жұмысы аяқталды — Қаржы министрлігі

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдау туралы ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады. 

Кедендік әкімшілендірудегі проблемалар «Ең алдымен негізгі проблемаларға тоқталып өтейін. Оларды шешу әкімшілендіру процестерін түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді», — деді қаржы министрі. 

 Бірінші. Тауарларды импорттау кезінде дұрыс декларация бермеу және құнын төмендету. Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы $5,7 млрд құрайды. 

«Әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы айырмашылықтар көптеген елдерге тән екенін атап өту қажет. 

Мысалы, Comtrade деректері бойынша 2020 жылы Қытай Халық Республикасының Германиямен алшақтығы $47 млрд, Вьетнам Республикасымен – $30 млрд, Польшамен – $10 млрд, Пәкістанмен – $3 млрд құраған», — деді Е. Жамаубаев. 

Қазақстан статистикасының Қытаймен алшақтығының негізгі себептері келесідей: статистиканы қалыптастырудың методологиялық ерекшеліктері; Қытай тауарларының Қазақстан Республикасы арқылы транзитінің бір бөлігі Қытай Халық Республикасының статистикасында Қазақстан Республикасына экспорт ретінде көрсетіледі. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген елдерінің оң алшақтықтарымен расталады; қытай тауар өндірушілері субсидиялар мен қосылған құн салығын қайтарып алатындықтан экспорттық бағаны көтеруге мүдделі; Қазақстандық импорттаушылардың дұрыс декларацияламауы және кедендік құнды кемітуі; «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы өткізілетін пошта тасымалдары мен тауарлар біздің статистикамызда есепке алынбайды. 

Бұл жағдайда, жоғарыда аталған $5,7 млрд болған алшақтықтың құрылымы мынадай: $0,3 млрд әдіснамалық аспектілерге байланысты; $2,6 млрд Қазақстан Республикасы арқылы Қытай Халық Республикасы тауарларының транзиті бойынша; $2,8 млрд – дұрыс емес декларациялауға келеді. 

Негізгі сауда топтары: киім, аяқ киім, ойыншықтар. 

Жалпы, $2,8 млрд дұрыс декларацияламау кезіндегі республикалық бюджеттің болжамды шығындары 150 млрд теңгеге бағаланады.

Екінші. Қытай Халық Республикасымен шекарада әкімшілендіруді күшейтуге байланысты Қытайдан Қырғызстанға тауарлар импортының ағылуы байқалады. Осы жылдың басынан бастап Қырғызстанға Қытай импортының 5 есеге өсуі, Қырғызстаннан Қазақстанға импорттың 2,5 есеге өсуі тіркелді. Бұдан басқа, қазір Қытай Халық Республикасымен шекарада 900-ге жуық автокөлік, ал уақытша сақтау қоймаларында 1200-ге жуық автокөлік әкімшілендіруді жеңілдетуді күтуде. Жыл басынан бері шекара маңындағы бекеттер бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі 23%-ға, ал көлемі – 26%-ға азайған. 

 Үшінші. «Бір күндік фирмалар» болды. Олардың саны 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасынан импорттаушылардың жалпы санының 20%-дан астамын құрайды. 

Төртінші. Кейінгі іске асыру кезеңдерінде жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру. Айналым сомасы 6 трлн теңгеден асатын 8 мыңнан астам компания анықталды.