Ақжолдықтар Алаш көсемі атындағы мектепте болды

Ақжолдықтар Алаш көсемі атындағы мектепте болды

Ақжолдық депутаттардың Түркістан облысы Жетісай ауданындағы сапары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы мектептен басталды. 

Түркістан облыстық мәслихаты депутаты Анарбек Орман мен Жетісай аудандық мәслихаты депутаты Эльмир Темірбаеваның демеушілігімен осы мектепке жасыл алаң салып берген болатын.

 Осы алаңшаның ашылуына байланысты салтанатты жиында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл қою рәсімі болды.


Алғашқы болып сөйлеген “Ақ жол” партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Азат Перуашев кешегі қаңтардағы қанды қасіреттен кейінгі ел жағдайына тоқталды.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса сөзін қасиетті Мырзашөл өңірі, Жетісай ауданы Қызылқұм ауылы өзінің туған жері екенінен бастады: 

—Биыл Алаш көсемі, Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланады. 

Осы ұлы тойды өзімнің туған жерім Жетісай жерінен бастағаныма бек қуаныштымын. 

“Ақ жол” фракциясы былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты іс-шараларды ұсынып, депутаттық сауал жасадық.


Енді сол Ұлы ұстаздың ұлы тойын өз туған жерімде, Ахаңның атындағы мектептен бастағанымызды жақсылыққа жорып отырмын,-деді Қазыбек Жарылқасынұлы..

Аз қамтылған отбасы балаларына 50 дана мектеп формасын табыстап, А.Байтұрсынұлының электронды кабинетінде болып, мектеп алаңына көшеттер отырғыздық.


Мектеп ұстаздарымен әңгімелестік. Осы мектептің тұңғыш түлектерінің бірі – «Ақ жол» партиясы Жетісай ауданы өкілі, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева мектеп тарихымен таныстырды.

Сондай-ақ Жетісайда «Ақ жол» партиясынан Түркістан облысындағы барлық облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының (24 депутатымыз осында) жиынын өткізіп, ағымдағы міндеттер, саяси реформаларға деген көзқарастар мен өзекті мәселелерді, елдің мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін қолдауда қоғамды топтастыру қажеттілігін талқыладық. Өкінішке орай, бұл бүгінгі таңда риторикалық сөздер емес, нағыз қажеттілік.

Одан кейін күн панельдері бойынша жаңартылатын ЖЭК энергия стансасының жұмысымен таныстық. Біз жасыл энергияға көшудің шығындары мен мүмкіндіктерін, тарифтердің өсуі мәселелерін, отандық өнімнің өзіндік құнын және осыған байланысты туындайтын «энергетикалық лас» тауарларды, бірінші кезекте шикізатты экспорттауға қатысты сыртқы санкцияларды талқыладық.

Азат Перуашев телеарналардың сұрауы бойынша кешегі Президент Қ.Тоқаевпен болған сұхбаттың кейбір тақырыптарына да пікір білдірді.

Түс ауа Жетісай өңірінің кәсіпкерлерімен кездесу өткізіп, оларды толғандырған тақырыптарды талқыладық. Тағы да ең өзекті мәселе – суаруға арналған судың тапшылығы мен суару суына тарифтің үш-төрт есеге көтерілуі. Облыстағы ең көп мақта өндіретін Жетісай ауданындағы 78 мың гектар ауылшаруашылық алқаптарының тең жартысына жуығы мақта шаруашылығына тиесілі. Алайда, су тапшылығы, дизельдік отынның, тыңайтқыштар мен химикаттар бағасының шарықтап кетуіне, топырақтың сарқылуына және егін өнімінің төмендеуіне байланысты бұл шаруашылықтардың барлығы іс жүзінде банкротқа ұшырауда. Олар үшін басқа салаға өз бетінше көшу мүмкін емес, өйткені мақта ауылшаруашылық машиналары мен жабдықтары спецификалық және өсімдік шаруашылығының басқа түрлеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дағдыларына сәйкес келмейді.

“Шаруалар тығырыққа тірелді, әкімдік те, кәсіпкерлер қауымдастығы да мәселенің нақты шешімін ұсына алмауда.

Сондықтан олардың барлық өтініштері бәріне субсидияларды көбейтуге ғана кеп тірелуде.

Бірақ бұл экономика емес, бюджет қаражатын ақтамайтын іс-шараларға жұмсау тиімсіз және өнімсіз”-деді нарық заңына сүйенген Азат Перуашев.

Сондықтан шаруалар мен диқандарға ұсыныстарын функционалды түрде тұжырымдауды ұсындық. Мақта егетін өңірлердегі (Жетісай, Мақтаарал, Шардара т.б.) депутаттарымыз бұл мәселемен айналысады деп келістік.

Облыстық мәслихаттың депутаты, мақта тазалау зауытының иесі Абдурасул Құрбаналиев өз тәжірибесін ескере отырып, бұл ұсыныстарды дайындап, үйлестіруді өз мойнына алды.

Сапар Шардара ауданында жалғасады.