Екі полицейдің басы кесілгені туралы ақпарат жалған болып шықты

Екі полицейдің басы кесілгені туралы ақпарат жалған болып шықты

6 қаңтарда Алматыда басы кесілген екі полиция қызметкерінің мүрдесі табылды деген ақпарат тараған.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов қаңтар оқиғасы кезінде екі полицейдің басы кесілгенін растамады, деп хабарлайды Экспресс К.

Facebook желісінде Aslan Muhamedzhanov есімді қолданушы осы ақпараттың рас-өтрігін сұраған.

Алматы қаласында жоқ, — деп жауап берді Рустам Әбдірахманов.

6 қаңтарда Алматы қаласының комендатурасы басы кесілген екі полицей туралы ақпарат таратқан.

Қалада терроршылардың қолынан құқық қорғау органдарының 353 қызметкері зардап шегіп, 13 құқық қорғаушы қаза тапты. Олардың ішінде екеуінің мүрдесі басы кесілген күйінде табылды, — деп хабарлама таратқан.

Кейіннен Рустам Әбдірахманов желідегі жауабына қатысты толығырақ түсініктеме берді.

"Маған басы кесілген алматылық полицейлерге қатысты сұрақ қойылды. Мен Алматы қалалық ІІД бойынша қаза болған полиция қызметкерлері арасында басы кесілгендер жоқ деп жауап бердім. Ал Ұлттық ұланға, әскерлерге, Алматы облысының Полиция департаментіне және басқа да облыстық бөлімшелерге ешқандай қатысым жоқ. Сондықтан бәріне қатысты пікір білдіре алмаймын", — деді ол.

Департамент басшысының орынбасарының айтуынша, полициейлердің оқ жарақатынан қаза тапқандары бар.

Алматы Полиция департаментінің үш қызметкері қаза тапты. Одан бөлек, қауіпсіздік күштерінің басқа да қаза тапқан қызметкерлері болды, бірақ менде олар туралы ақпарат жоқ. Сол себепті оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деді Рустам Әбдірахманов.