“Ақжолдық” депутаттар тұтқындалғандардың туыстарымен кездесті

“Ақжолдық” депутаттар тұтқындалғандардың туыстарымен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, “Ақ жол” фракциясы мүшелері елмен кездесуді бүгін бастап кетті. 

Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Иса бүгін Шымкент қаласындағы “Гауһар” тігін фабрикасына барды.

“Гауһар” тігін фабрикасында 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Арнайы киімдер, мектеп формалары тб тігеді. 


Депутаттар содан соң “Жұлдыз” өндірістік аймағына барды. 306 гектарға орналасқан өндірістік аймақта болашақта 5 мың адам жұмыс істейтін болады.

Одан соң “Оңтүстік экономикалық аймағында” болып, химиялық өнім шығаратын зауыттың жағдайымен танысты.

Одан соң депутаттар Шымкент қалалық полиция департаментінде болды. Полицейлер алдында депутаттар Азат Перуашев пен Қазыбек Иса сөйлеп, парламенттегі қабылданып жатқан заңдармен таныстырды. Қаңтар қасіретінен кейінгі жағдайды сөз етті.


“Ақ жол” партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Әлімхан Әбжанов полиция жұмысын жақсарту жолдарын айтып, өз ой-пікірлерін білдірді.

Шымкент қалалық полиция департаменті бастығы орынбасары Алмас Әмзеев депутаттарға алғыс айтып, департамент жұмысымен таныстырды.

Депутаттар департаменттегі қаланы камералық бақылау орталығымен танысты. Қаңтар бүлігіндегі қала әкімдігіне шабуылдаудың видеосын көрді. 

Бейнекамераларға Шымкент қаласының 98 пайызы қамтылған. Яғни, ешкім жазадан құтылып кете алмайды немесе жазықсыздар жала құрбаны бола алмауына негіз бар деуге болады.

Депутаттар түстен кейін Шымкент қаласы Абай ауданы Ынтымақ-2 ауылы тұрғындарымен кездесті. 


Аудан әкімі Бұқарбай Парманов ауылдың даму жоспарымен таныстарды.

Аудандағы 34 елдімекенде 336 мың тұрғын бар. “Ынтымақтықтар” “Ақжолдық” депутаттарға арыздарын жеткізіп қалды. 

Ауыл тұрғындары айтқан ең басты мәселелер:

1.Ауылға жол салу;

2. Газ жеткізу;

3. Мектеп салу;

4. Зейнет жасын азайту;

5. Несие пайызын кеміту.

Тұрғындар алдында депутаттар Азат Перуашев пен Қазыбек Иса сөйлеп, ел аманаттарының орындалуына күш салатындарын жеткізді.

Бұдан кейін “Ақ жол” партиясы Шымкент қалалық филиалы офисінде кәсіпкерлермен кездесу болды. Барлығы өз арыздарын айтты. Кезінде Қазығұрт ауданы әкімі, ҚР Жоғары Кеңесі депутаты болған Әбдімүтәліп Көбеев ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша ұтымды ұсыныстарын айтты. Ауыл шаруалары үшін Агробанк ашудың тиімділігін нақты дәлелдермен баяндады. Қазір көптеген ауылдарда адам саны 20 мыңнан, 30 мыңнан да асып кетті. Ауылдан қалаға көшу урбанизациясын бәсеңдету үшін заңнамаға сай тұрғындары 10 мыңнан асқан кенттерге қала статусы берілуі керек. Бірақ ауылға және ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдіктерден айрылып қалмау үшін қалаға айналмай келеді. Сондықтан Әбекең тұрғындары 10 мыңнан асқан кенттерге қала статусын беруді ұсынды. Сонда еліміз бойынша кемінде 50 ауыл қалаға айналса, 1 миллиондай тұрғын қалалық болып шығады.

Ең ауыр жұмыс кешегі қанды қаңтарда балалары тұтқындалған ата-аналармен кездесу болды. “Баламыз жазықсыз қамауда отыр” деген 27 арызданушының арызына байланысты бірден Бас прокуратураға хат жолданды.



Сонымен қатар арыз айтып келген шардаралық ардагер ұстаз Гүлайым Асылбекованың айтуынша оның келіні, 5 баланың анасы, ұстаз Мәнзура Байменова 2020 жылдан бері “Indigo 24” пирамидалық компаниясына қатысты қамауда отырған 22 әйелдің бірі екен. Ол әйелдердің оншақтысы көп балалы аналар, алды 6-7 балалы, соңы 4-5 балалы әйелдер екі жылдан бері үйқамаққа ауыстырылмай, кәнігі қауіпті қылмыскерлердей түрмеде отыр. Ал “Indigo 24” компаниясы бас директоры Дәурен Қазыбекұлының жеке есепшотынан 81 млрд теңге шешіліп алынған.

Бір қызығы, компанияның пирамида жасап, басшылық жасағаны туралы құқық қорғау органының қаулысы 2019 жылы 25 тамызда шықса да, компания басшысы бір жылдан кейін 2020 жылы 20 тамызда тұтқындалады. Пирамида басшысы тұтқындалса да, оның есепшоты “тұтқындалмай”, қараша айына дейін, бар қаржысын басқа бір фирма есепшотына аударып алғанша, ашық тұрады.

Ал 2019 жылы “Көкжайлау-2” ТК үй алуға үлескер болып, ақша аударған 60 адамның атынан келген Жәнібек Еспенбетов, Қайнар Исаев, Ғалым Құлажановтар қазір үйлерін екі жыл бұрын алуы тиіс үйлерін әлі ала алмай жүргендеріне шағынды.

Бұл мәселелер бойынша да Бас прокуратураға арнайы хат жолданатын болды.

“Ақжолдық” депутаттар ертең Түркістан облысы Келес, Жетісай, Шардара аудандарында елмен кездеседі.