Марат Ахметжанов түрмедегі азаптаулар бойынша парламенттік тыңдау өткізуді қолдады

Марат Ахметжанов түрмедегі азаптаулар бойынша парламенттік тыңдау өткізуді қолдады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжанов азаптау фактілері бойынша парламенттік тыңдауы өтуі керек деп есептейді. 

Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі Exclusive.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

– Депутаттар азаптау мәселесі бойынша парламенттік тыңдау өткізуді ұсынды. Сіздің ойыңызша, бұл мүмкін бе немесе Бас прокуратураның рұқсатын талап ететін мұндай істер жабық деп саналады ма? — деп сұрады журналист.

- Иә, бұл мүмкін. Қазірдің өзінде комиссия құрылды, - деп жауап берді Ахметжанов.

– Сіз мұндай идеяны қолдайсыз ба? — деп сұрады журналист.

«Бәрі заңға негізделуі керек», - деп жауап бермек болған Ахметжанов, «Парламенттік тыңдауларды өткізуді қолдайсыз ба?» деген журналистің нақты сұрағынан кейін: «Өтсін!» деп қысқа қайырды.

Сонымен бірге, бүгін парламенттік «Ақжол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев ақжолдықтардың парламенттік тыңдау өткізу және депутаттық комиссия құру туралы бастамаларына билік әлі жауап бермегенін айтты. 

– «Ақ жол» фракциясы осы мәселе бойынша парламенттік тыңдаулар өткізуді ұсынды. Бұл идеяны фракция атынан депутат Қазыбек Иса көтерді. Кейін депутатымыз Берік Дүйсембинов қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынғандардың құқықтарының бұзылуын тексеру үшін депутаттық комиссия құруды ұсынды. Яғни, біз өз фракциямыздың ұстанымын кем дегенде екі рет білдірдік. Күтеміз, заң бойынша үкіметтің жауап беруі үшін бір ай уақыт бар», - деп түсіндірді Перуашев.

Еске салайық, 26 қаңтарда Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса фракция сауалында жазықсыз жастар ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққаны үшін ғана қамауға алынып, ұрылып, азапталып жатқанын айтып,  парламенттік тыңдаулар өткізуді ұсынды.

9 ақпанда депутат Берік Дүйсембинов бейбіт тұрғындарды экстремистер мен қарақшылардан ажырату мақсатында тұтқындардың туыстарының арыз-шағымдары бойынша жұмыс істейтін депутаттық комиссия құруды, сондай-ақ комиссия мүшелерін тұрғындардың көпшілігі тұратын қалаларға шұғыл түрде жіберуді ұсынды.