ҚазҰУ-дың жеті ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер» атағымен марапатталды
2022 ж. 08 ақпан
851
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жеті ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» байқауының жеңімпазы атанды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі алғаш рет ұйымдастырған байқауда еліміз бойынша алты ғылыми-зерттеу институты мен 16 жоғары оқу орнының 50 ғалымы үздік деп танылды. Оларға 6 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы тағайындалды.
Лауреаттарға төсбелгі мен сертификатты елордада ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.
Жоғары марапатқа ие болған Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Гүлнафис Әбдікерова: «Биыл бірінші рет өткізілген республикалық байқау электронды түрде тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүзеге асты. Бұл бүкіл кезеңдердің ашық және барлық қатысушыларға қолжетімді түрде өтуіне мүмкіндік берді. Байқау ҚР Президентінің тапсырмасымен мемлекеттің ғылым саласына енгізіп отырған жаңалығы және бірінші кезекте ғалымдардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталған. Менің ойымша, бұл әлеуметтік, қоғамдық сала мамандарына өз зерттеулері мен жаңалықтарын тәжірибеге енгізуге зор ынта беретін жоба», – деген пікірімен бөлісті.
ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті Ләззат Спанқұлова да өз ойын білдірді.
«Жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары технологиялық өндірістік компаниялардың өзара белсенді ынтымақтастығы қазақстандық ғылымның сапалы қолданбалы нәтижелер беруге дайын еместігі туралы стереотипті жоюға ықпал етеді. Зерттеу университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының әріптестігі негізінде академиялық университеттер құру қажет. Нәтижесінде студенттер Ғылым академиясы базасында нақты жобаларды жүзеге асыра алады», – дейді ғалым.
Сондай-ақ жүлдені білім ордасынан Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті Қуантай Бошқаев, Плазма физикасы және компьютерлік физика кафедрасының профессоры, физика-техникалық факультетінің деканы Асқар Дәулетов, Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының профессоры м.а. Әлібек Исахов, Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Денсаулық ғылыми-зерттеу институтының директоры Қайрат Давлетов, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті Гүлдана Қуанәлиева иеленді.
Бұдан бөлек, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті Алмасбек Мәуленов түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар Мемлекеттік ғылыми шәкіртақы жетекші ғалым ретінде ҚазҰУ-дың Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры, филология факультетінің деканы Баян Жолдасбековаға және оқу ордасының 12 жас ғалымына берілді.
Барша марапат иелерін жетістіктерімен құттықтаймыз және шығармашылық, ғылыми табыстар тілейміз!