ІІМ: Қаңтар оқиғасынан соң азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі жеті іс тіркелді

ІІМ: Қаңтар оқиғасынан соң азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі жеті іс тіркелді

Қазақстан ішкі істер министрлігі азаптау фактілері бойынша сотқа дейінгі жеті іс тіркеліп, тергеу жүріп жатқанын айтады. Бұл туралы 24 қаңтарда министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

«ІІМ азаматтарға күш қолдану фактілеріне баса ден қояды. Әрбір факт полиция ғимараттарында және қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамераларды талдау арқылы мұқият зерттеледі. Қазір келіп түскен 27 факт бойынша «азаптау» (ҚК 146) бабымен 7 сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр, тағы 20 факт бойынша қызмет тексеруі басталды» деді ресми өкіл.

Бұған қоса ІІМ сенім телефонына полиция әрекетіне шағымданған 74 арыз түскен. Оның ішінде азаматтарды ұстау және жеткізудің 46 және ұялы телефонды заңсыз тексерудің 28 фактісі бойынша шағым түскен.

«Әрбір өтініш иесіне ұстаудың себептері, заң бұзушылықтың мәні және қамаудағы туысымен байланысу тәсілдері түсіндіріледі. Қылмыстық кодексінің 255-бабы (терроризм актісі), 269-бабы (ғимарат пен құрылысқа шабуыл) және 272-бабы (жаппай тәртіпсіздік) бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында барлық телефон тәркіленгені анықталды. Рұқсат етілген тексеруден кейін олардың мүлкі қайтарылады» деді Нұрділдә Ораз.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 731 адам жеткізілген. Оның 20-сы соттар және прокуратура органдарының шешімімен үйқамаққа ауыстырылған немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Қазір тергеу изоляторында сот санкция берген 711 адам қамауда отыр.

«Дене жарақаттары немесе ауруы анықталғандарға дереу медициналық көмек көрсетіледі. Мекемеде білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда олар азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізіліп, күзетілетін палаталарда емделеді. Бүгінде осындай тәртіппен 23 адам ем алып жатыр. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған» деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.