Азат Перуашев Алматы оқиғасында зардап шеккендермен жүздесті (фото)

Азат Перуашев Алматы оқиғасында зардап шеккендермен жүздесті (фото)

«Ақ жол партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды,- деп хабарлайды «Қазақ үні».

Сапар аясында Мәжіліс депутаты «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұралдиновпен, қалалық мәслихаттағы партия францияның жетекшісі Көпесбай Жампеисовпен, депутаттар Асқар Бисқұлтанов және Юрий Шинмен бірге қаладағы тәртіпті қалпына келтіруге қатысқан десант-шабуылдау бригадасы орналасқан жерде болып қайтты. 


Десант-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев депутаттарға әкімдік қорғанысының мән-жайын және әріптесі, десант-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары, подполковник Сәндібек Хаировтың қазасы туралы, сондай-ақ бөлімше қызметкерлері жүргізген өртке оранған ғимараттан қарусыз жас курсанттарды құтқару операциясы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, М.Көшекбаев автомат оқтарынан зақымданған, брондалған терезі сынып, ойықтың бірінде 7,62 мм оқтың бөлігі тұрып қалған техниканы көрсетті. 


Азат Перуашев ДШӘ командиріне және жеке құрамға антына адалдығы және Республиканың конституциялық құрылысын қорғағаны үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, халық қалаулысы шабуыл жасалып, тоналған бизнес нысандарында болды. 


Кездесулер аясында «Азия Парк» сауда орталығының басқарушы директоры Арман Смағұлов оқиғалардың хронологиясы мен келтірілген залал туралы, сауда орталығын тонаушылардан қорғамақ болған көрші үйлердің тұрғындары туралы айтты. 

Қазірде компания іскерлік белсенділікті мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге тырысуда, алайда ғимараттың инфрақұрылымы (электр кабельдері, су құбыры) зақымданған, бұл жөндеу жұмыстарын қиындатып отыр екен. 


ШОБ өкілдерімен кездесуден кейін «Ақ жолдықтар» Республика алаңы мен әкімдіктің өртенген ғимараттарын, телестудиялар мен тұрғын үйлерді аралап көрді. Әкімдікті қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 


Сондай-ақ, Азат Тұрлыбекұлы орталық мұражай ұжымымен және директордың міндетін атқарушы Бибігүл Дандығараевамен кездесті.

Қаңтар трагедиясы кезінде бұл нәзік жандылар ашуланған бүлікшілердің бірегей мұражай қорына зақым келтіруіне жол бермей, ондаған жас курсанттарды мұражайда паналатып, өлімнен құтқарды. 

Мәжіліс депутаты мұражай ұжымына шын ризашылығын білдірді. 


Жұмыс сапары барасында қалалық филиал кеңесінің отырысы өтті. «Ақ жол» басшылары белсенділер мен мәслихат депутаттарының алдағы әрекеттерін талқылады. Депутаттар хабарлағандай, бүгінде партия кәсіпкерлері жалғызбасты зейнеткерлерге, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға ең қажетті өнімдермен (азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б.) қамтуда көмек көрсетуде; бақылау-өткізу пункттері үшін тамақ ұйымдастыратын ҮЕҰ-мен өзара әрекеттесуде.

- Бұл ретте жүздеген кәсіпкерлердің өздері көмекке зәру, сондықтан филиал РКП-мен байланыста, кейбір мәселелерді Үкімет деңгейінде көтеруге тура келуі мүмкін. Қолдау көрсетуге уәде беріп, осындай өтініштерді дайындауды тапсырдым. Оқиға кезінде туыстары ұсталған, бірақ зорлық-зомбылық пен өрт қоюға қатыспаған азаматтардың өтініштері бойынша прокуратураға өтініштер дайындалуда, - деді А. Перуашев.