Әміренің зиратын жаңартқан Әнуарбек Бимурзин "Жыл меценаты" атанды

Әміренің зиратын жаңартқан Әнуарбек Бимурзин "Жыл меценаты" атанды

«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2021 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2021 жылдың үздіктерін анықтады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2021» байқауының жеңімпаздары қатарында белгілі кәсіпкер, меценат Әнуарбек Бимурзин де бар. 

Ел ағасы Әнуарбек Нұржауұлы әрдайым қоғам үшін маңызды жобаларды қаржыландырып, қолдау көрсетіп жүретін тұлға. Биылғы жылы Алматыда руханият әлеміндегі елеулі оқиғалардың бірі болды. Әнуарбек Бимурзиннің қолдауымен бір кездері вандалдар қиратып, қараусыз қалған Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың зираты жаңартылды. Атап өту керек, әншінің зиратына алғаш рет 1992 жылы жақындары құлыптас қойған. Бірақ белгісіз біреулер зиратты қиратып кеткен еді. Содан бері атақты тұлғаның бейіті, күтусіз қалған.

Осы елеулі оқиғаға байланысты "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде "ОГПУ қызметкерлері Әміренің жерленген жерін жасырған - Әнуарбек Бимурзин" атты мақала жарияланған болатын.

- Әміреге тірісінде ғана емес, өлгеннен кейін де көп қиянат жасалды ғой. Музыка зерттеушісі Жарқын Шәкерім оны зерттеп, жазып кеткен. ОГПУ қызметкерлері Әміренің жерленген жерін жасырып, оның өлімі тіркелген журналды да жоғалтып жіберген. Ескерткіш орнатылуына кедергі жасалған. Әнші өмірден өткен соң алпыс жылдай уақыттан кейін ғана Кенжегүл мен Дмитрий деген әншілер өз қаражаттарына Әміренің басына құлпытас орнатқаны белгілі. Соның өзін, орната салысымен, 1992 жылы әлдекімдер талқандап кеткен. Кенжегүл Сыздыққызы шырылдап жүріп, әкімге кіріп, бес күн ішінде қайтадан қалпына келтіреді. Міне одан бері де отыз жыл уақыт өтті. Биыл Әміренің дүниеден өткеніне 87 жыл болды. Жақында Әміренің зиратының тағы да тозып, металл қоршаулары жоғалып, күтімсіз жатқанын көрген ел азаматтары дабыл қақты. Белгілі кәсіпкерлер Марат Құрманбаев, Сәтбек Кәрібжанов және мен үшеуіміз қаржылай демеушілік жасап, зиратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Басына өлең сөздер жазылған белгітас орнатылды. «Отырар» мейрамханасында құран бағышталып, ас берілді. Мұның бәрі мақтан үшін емес, «өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, ұлы әншінің рухы алдындағы ұрпақ парызы, сауапты іс деп ойлаймын, - деп пікір білдірген болатын Ә. Бимурзин.

"Жыл адамы - 2021" жеңімпаздарының толық тізімімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Қазақ үні