Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Ұйғыр ауданына барды
2021 ж. 21 желтоқсан
1271
0
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Ұйғыр ауданында болды. Осы сапарында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын барып көрді. Агроөнеркәсіп кешені нысандарында болып, ауқымды инвестициялық жобалармен танысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, ауданда «Прима Құс» ЖШС-ның құс етін өндіріп, өңдейтін кешенін ашу жоспарланып отыр. Нысан биылғы жылдың мамыр айында салына бастаған, 2022 жылдың қазанында алғашқы өнім шығаралады деп күтілуде. Экспортқа бағытталған кәсіпорын үш кезеңмен іске асырылады. Оған барлығы 97 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500-дей жұмыс орны ашылады. I кезеңінде құрама жем зауыты, 24 тауық күрке, инкубатор, бройлер семіртетін 2 алаң салынады. Бұл ретте негізгі трассадан құс фабрикасына дейін жол төсеуге мемлекет қолдауы қажет. Сол сияқты жергілікті кадрлар даярлауда, инкубациялық жұмыртқа өндірісін кеңейту үшін қосымша жер учаскесін бөлуге де көмек керек. Қанат Бозымбаев айтылған осы мәселелерді зерттеп қарауды тапсырды. Сонымен бірге жергілікті тұрғындардан маман даярлау барысында «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып ұйымдастыруды ұсынды.
Осы күні облыс басшысы жұмыс істеп тұрған «OTAN «Green Food» ЖШС-ның «Aiser» құс фабрикасына да барды. Бұл нысан жылына 30 мың тонна құс етін өндіреді. Оны іске қосу барысында 20 млрд. теңге инвестиция тартылған, 1200 жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын құс еті өндірісінің толық циклын қамтамасыз етіп отыр. Атай айтқанда, мұнда инкубация, бройлер балапандарын өсіру, құрама жем шығару, өңдеу, сақтау, нарыққа шығару – бәрі-бәрі қамтылған. Облыс әкімі акционерлерге құс фабрикасының қуатын 50 мың тоннаға дейін арттыруды ұсынды. Олардың өз шикізатынан соя өсіріп, құс азығын өндіруге керекті жер учаскесін бөлу туралы өтініштеріне қолдау білдіретінін айтты. Облыс басшысы жер телімін бөлу мәселесі шешілгенше компания басшылығы өз тарапынан жобаны дайындай беру керектігін де жеткізді.
Қанат Бозымбаев өңірдегі бақ шаруашылығына да назар аударды. Бақ өсіру – ауданның басымдық беріп отырған бағыттарының бірі. «Шонжы Агро» ЖШС-ның 500 га жерінде өрік пен қара өріктің түрлі сорттары, шие мен шабдалы өсіріледі. Бақтан 7 мың тонна өнім жиналады деп күтіліп отыр. Кәсіпорын директоры Ділмұрат Қайырбеков бақ суаруда судың үздіксіз және дер кезінде берілуі маңызды екенін айтты. Ол үшін көктемге дейін каналдарды ағымдағы жөндеуден өткізу керек. Бұл ретте Қ.Бозымбаев қажетті көмек көрсетуді аудан әкіміне тапсырды.
Облыс әкімі құрылысында қиындықтар туындаған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын барып көрді. Шонжыда тұрғызылып жатқан бұл нысан мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, алдағы жылдың қазан айынан кешіктірмей қолданысқа беріледі. Қанат Алдабергенұлы болашақта мұндай жобаларды жоспарлаған кезде шығынын азайтып, пайдалы алаң көлемін арттырып, спорт нысандарының типті жобаларын дайындау керектігін ескертті.
Сапар барысында Қанат Бозымбаев аудан активімен жүздесіп, өңірдің даму жағдайы туралы мәселелерді бірлесіп талқылады. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға қысқаша тоқталды. Сол сияқты Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов және басқа да азаматтар ауданның ауыл шаруашылық әлеуетін тиімді пайдалануға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Жиын қорытындысында облыс әкімі елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту, тозығы жеткен ауыз су жүйелерін жаңғырту, азық-түлік өндірісіне инвестиция тарту, ірі қара мал басының, сүт өндірісінің төмендеуіне жол бермеу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне қатысты тапсырмалар берді.
- Ұйғыр ауданы ауыл шаруашылығына негізделген өңір. Сондықтан аграрлық салаға инвестиция тарту ең маңызды басымдықтардың бірі болуы керек. Бұл ретте суару жүйелерін жөндеу, суармалы жерлерді айналымға қосу және басқа да аудан тұрғындары тарапынан бүгінгі айтылған ұсыныстарды ескеріңіздер. Қаңтар айында осы ауданның проблемаларын, оны шешу бағыттарын облыс әкімдігінің отырысында талқылайтын боламыз. Қандай ресурстар керек, қанша қаржыны талап етеді, қанша уақытта іске асырылады - соның бәрін бірлесіп анықтаймыз, - деді Қанат Бозымбаев.