ШҚО-да 343 вакцина егу кабинеті ашылды

ШҚО-да 343 вакцина егу кабинеті ашылды

Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Дәл қазіргі уақыт мақтануға тұтарлық, алға ұмтылатын нақты кезең. Өйткені, еліміздің жүріп өткен даңғыл жолы мен тамырын кеңге жайған тарихы бар. Алда жаңа бастамалар мен батыл қадамдар күтіп тұр. Осы ретте, көптеген көрсеткіштер бойынша Шығыс Қазақстан облысы елде көш бастауда. Серпінді жобалар, инновациялық технологиялар, жоғары көрсеткіштер мен реформалар, батыл идеяларды іске асыруда көпке үлгі болып отырған осы өңір. Облыс әкімдігінде Тәуелсіздік жылдары шығысқазақстандықтардың өмірі қалай өзгергені туралы айтылды.

Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтар ем алу үшін шетелге шығуға мәжбүр болды. Шығыс Қазақстанда медицинаны дамыту бойынша қабылданған бағдарлама бұл жағдайды түбегейлі өзгертті. Соңғы 5 жылда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 3 мыңнан астам заманауи жабдық сатып алынды. Жедел жәрдем автокөліктерінің паркі 216 бірлікке жаңартылды. Ауылдық медициналық мекемелерді жабдықтау және оларды жоғары деңгейге көшіру бойынша шаралар қабылдануда. 

Семей қаласының онкологиялық диспансерінің ядролық медицина орталығында Қазақстандағы алғашқы бірегей радионуклеидтік терапия бөлімшесі ашылды. Онда бүгінгі күні 100-ден астам науқас емделіп, 350-ден астам адам диагностикалық зерттеулерден өтті.

Елбасының бастамасымен және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Өскеменде алғашқылардың бірі болып "Қамқор"оңалту орталығы ашылды. Туа біткен патологиялар, церебральды сал ауруы, апат салдарынан ауыр жарақаттар – көптеген ата-аналар үшін мұндай диагноздар шешілмейтін түйнекті мәселе болды. Бірақ оңалту орталығының мамандары ата-аналарға үміт сыйлады. Орталықта жаңа технологиялар, мамандардың білікті көмегі, механотерапия және тұз бөлмелері бар. Тірек-қимыл аппараты немесе орталық жүйке жүйесі бұзылған балалардың құрдастарымен қатар дамуы үшін жағдай жасалған. Ал ата-аналар балаларының алғашқы жетістіктеріне қос қолдап қуануда. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында балаларды оңалту орталығы Семейде балаларды қабылдай бастайды. 

Өскеменде гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалану жобаның бірегей ресурсы болады. PACS-жүйесі жобасы енгізілді. Шын мәнінде, бұл болашақтың медицинасы. Өңірде шетел клиникаларында медицина кадрларын онкология, кардиология және кардиохирургия, нейрохирургия, медициналық оңалту, гинекология басым бағыттары бойынша оқыту бағдарламасы табысты іске асырылуда.  

Бүгінгі күні вирусқа қарсы күрестегі басты және бірден - бір пәрменді қару-вакцинация екенін ескере отырып, облыста 343 егу кабинеті ашылды. Ауылда жылжымалы пункттер мен мобильді кешендер ұйымдастырылды. Вакцинация деңгейі бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда.

Халықтың өмір сүру сапасының маңызды факторы тұрғын үй болып табылатыны сөзсіз. Биыл облыс алғаш рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 280 млрд.теңгеге 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынуда. Жеке инвестицияларды тарту есебінен коммерциялық тұрғын үй құрылысының тетігі енгізілді. "Бір қабатты Шығыс" өңірлік бағдарламасы сәтті іске асырылып, оның шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен жеке тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникациялар жүргізілуде.  

Шығыс Қазақстанның даму деңгейі 30 жыл ішінде толығымен өзгерді. Бүгінде біз халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндігіміз бар. Осындай бағыттардың бірі-спорт. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спорт түрлерімен айналысу үшін жағдай жасау қажеттігін, мұның өзі ұлтты сауықтыруға, сондай-ақ әлемдік аренада елеулі табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол үшін 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен облыстың жалпы білім беретін мектептерінде қосымша 3 мыңнан астам спорт секциялары ашылатын болады. Ағымдағы жылы 1 268 секция жұмыс істей бастады. Балалар мен жасөспірімдердің жалпы санының 109 мыңы немесе 56,4% - ы дене шынықтырумен және спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндігі бар. 2020 жылы 4 ДСК және 2 жүзу бассейні пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 14 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Спортты дамыту аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап халықаралық деңгейдегі спорт кеңесшілерін тарта отырып, біздің жаттықтырушыларымызды оқыту жоспарлануда. Осылайша, біз спорттың одан әрі үдемелі дамуы үшін негіз қалыптастырамыз. 

Шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту - Шығыс Қазақстанның басым жобасы. Мұнда 52,7 млрд.теңге инвестициялау жоспарлануда. Бұл 60 мыңнан астам адам тұратын 13 елді мекенді қамтиды. Халықтың көшуін болдырмау және осы аумақтарды дамыту үшін мұнда адамдардың жайлы тұруы үшін барлық жағдайлар жасалады. Ал мемлекеттік қолдау бағдарламалары бұл аудандарды инвестициялар мен шаруашылық қызмет үшін тың дүниелер жасамақ. 

Мереке қарсаңында Өскеменде еліміздің тарихындағы көптеген дәуірлік оқиғалар мен оның қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін, мемлекетіміздің мызғымастығын бейнелейтін Тәуелсіздік монументі салтанатты түрде ашылды.

Монументтің биіктігі – 15,7 м, диаметрі – 10,9 м. Төбесінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібектің мүсіндері, төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бейнеленген барельеф орнатылған. Монументтің орталық бөлігінде үш жоғарғы бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би мүсіндері орналасқан, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты» деген дәйексөзі үш тілде жазылған.

Біз болашаққа сеніммен қараймыз және өткенімізді жаңғыртамыз, - дейді шығысқазақстандықтар. Археологиялық зерттеулердің аймақтық бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында біздің жерлестеріміз тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев жаңа ашылулар жасады. Олар 3 томдық "Шығыс Қазақстанның ежелгі дәуірі", "Қазақстан тарихы" монографияларын дайындау мен басып шығаруға негіз болды. Шығыс Қазақстанның қорғандарынан табылған 60 мың бірегей артефактілер жинақталған "Ұлы Дала алтыны" көрмесі ғылыми қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Металл өңдеу техникасы мен зергерлік шеберлігі ежелгі көшпенділер өркениетінің жоғары деңгейін айғақтайды. Кембридж университетіндегі бұл көрме Қазақстан мұрасын әлемдік аренада ілгерілетудегі тарихи қадам болды. Ол қазірдің өзінде әлемдегі ең үздік 5 көрме номинациясына енді. Біз, қазақстандықтар ғана емес, ата-бабаларымыздың жетістіктерін білеміз, құрметтейміз және мақтан етеміз. Енді бүкіл әлем Ұлы даланың алтыны туралы айта бастады.  

Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін үздіксіз даму дәуіріне айналды. "Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде

 біз тарихтың бетбұрыс кезеңінде Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған Қазақстан халқы қол жеткізген табыстар мен жетістіктеріне ерекше құрметпен қараймыз. Біз болашаққа белсенді жоспарлар құрып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дана саясатына сенеміз. Алдағы уақыттағы кезеңнің ешқандай қиындықтары біздің басты құндылықтарымыз - достық, сенім мен келісім күшін жоя алмайды", - деп толықтырды өңір билігі.