Көше қалпына келтіріледі

Көше қалпына келтіріледі

Бородулиха ауылының жақында жаңадан тұрғын үйлері салынып, мұқтаж отбасыларға таратылып берілген Қазақстан көшесінде абаттандыру жұмыстары басталды.

Естеріңізде болса, бұған дейін аталмыш көше бойында «Бір қабатты Шығыс» аумақтық бағдарламасы бойынша 12 екіпәтерлі тұрғынүй салынып, аудан орталығындағы көпбалалы және азқамтылған отбасыларға таратылып берілген болатын. Қазіргі уақытта Қазақстан көшесін абаттандыруға қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

Алдымен қолға алынған жолға қиыршық тас төгу және бетін тегістеу жұмыстары бір аптаға созылды. Жоба бойынша алдағы уақытта көше бойында орнатылған балалардың ойын алаңдарына жарық бағандары орнатылып, оларға апаратын жаяу жүргіншілер жолдары салынады. Сондай-ақ, қосымша балалардың ойын алаңдарын салу да жоспарланған. .

Бүгінгі күні алдағы құрылыс жұмыстарына дайындық жұмыстары пысықталып, құрылыс материалдары сатып алынды. Оған қоса, қажетті құрылғылар да әзірленді.