Шығыста «Жастар үйі» ашылды

Шығыста «Жастар үйі» ашылды

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Мерекеге орай облыстың түкпір-түкпірінде түрлі шара өтті. Бірі үй алып мәре-сәре болса, енді бірі төс белгі тағынды. Ал Бесқарағай жастары үшін бұл күн жылдар бойы есте қалары анық. Өйткені ауданда бұрын-соңды болмаған «Жастар үйі» ашылды.

Бесқарағай жастары ауданның ілгері дамуы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Әр салада табысты қызмет атқарып жүрген жастар үшін жаңа нысан қолданысқа берілді. Нысан тың жобаларды әзірлеуге, жастардың басын біріктіруге, еріктілердің қызметін дамытуға таптырмас мүмкіндік болары анық.

Жастар үйінің ашылу салтанатында Бесқарағай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысып, жастарға жылы лебізін жеткізді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аясында “Жастар үйінің” ашылу салтанатына қатыстым.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы “Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады.” деп атап өткендей, жаңа ғимарат алдағы уақытта тәуелсіз ел ұрпақтары жастарымызға толағай табыстарға қол жеткізітен ордаға айналатынына сенімім мол, – деді аудан әкімі.

Әкім қуанышты жаңалықпен әлеуметтік желіде де бөліскен екен. Жазбаға аудан жұртшылығы мен ауыл тумалары пікір қалдырыпты. Ендеше, жастарға, сәттілік!