15 нысан қайта бейімделеді

15 нысан қайта бейімделеді

Алдағы бес жылда Күршім ауданындағы 15 әлеуметтік нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы бола түспек.

Бұл туралы мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан шараларға қоғамдық бақылау жүргізу барысында белгілі болды.

Бүгінгі күні аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хат актілерін тіркеу бөлімінде аудан бойынша 816 мүгедек тіркелсе, олардың 65-і бірінші топ, 352-сі екінші топ, ал 311-і үшінші топ мүгедегі болып келеді. Сондай-ақ 88 жан – бала жасынан мүгедектігі бар адамдар.

Жалпы 2021-2025 жылдары аралығында ауданда әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 15 нысанды бейімдеу жоспарланған. Биыл Құйған дәрігерлік амбулаториясы, Бұғымүйіз фельдшерлік пункті, Күршім ауылындағы «Дос» дүкені осындай бейімдеуден өткізілді.

Күршім ауылдық округі әкімдігі ғимаратында да мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз кіріп-шығуына арналған стандарт талаптарына сай пандус орнатылған, хатшымен қосылған шақыру қоңырауы қойылған.