Өскеменнің қоғамдық көлігі электронды билет жүйесіне көшті

Өскеменнің қоғамдық көлігі электронды билет жүйесіне көшті

Өскемендегі қоғамдық көліктер «электронды билеттендіру» жүйесіне көшті. Қазір соңғы тетіктері ғана жетілдіріліп жатыр. Аталған жоба пандемияға байланысты мерзімінен кешіккенімен 3 кезеңге бөлініп іске асырылды. Карта арқылы билетпен қамту алдымен трамвайларға, содан кейін таксилерге енгізілді. 

Енді мінеки қоғамдық көлік те жаппай жаңа жүйеге ауысты. Қалада есептесу картасын сататын және оны толтыратын 20 нүкте ашылды. Бұдан бөлек енді жолаушылар жолақыны мобильдік баланс және QR-код арқылы да төлей алады. «Жолақысын төлеуді автоматтандыру» мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында ұйымдастырылды. Оған 1 миллиард 704 миллион теңге жұмсалды. Әзірге барлық жолаушы жаңа әдіске үйреніп кетті деу қиын. Сондықтан кондукторлар әлі де жұмыс істейтін болады. Электронды билеттендіру жүйесі ірі шаһардағы жолаушы тасымалын реттеу үшін аса қажетті жоба деп таңдалған. Осы арқылы сала өкілдері қоғамдық көлік тасымалының сапасын жақсартпақ. 

Нұрсұлтан Қалибеков, қалалық жолаушылар тасымалын басқару орталығы директорының орынбасары:

 - Тұрғындардың арасында үйренбей жатқандары бар әрине. Дегенмен, біз жол ақысын төлеуді автоматтандырудың ең жеңіл түрін енгізуге тырыстық. Бұл әдіске көшкен барлық жағынан тиімді. Біріншіден, осы арқылы жолаушылар легін бақылай аламыз. Яғни қай бағытқа қанша көлік қажеттігі бірден сезіледі. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы саласы неғұрлым ашық болып, тасымал сапасы жақсарады.