Эксперимент: ШҚО құтқарушылары жаңажылдық шыршаны өртеді

Эксперимент: ШҚО құтқарушылары жаңажылдық шыршаны өртеді

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары эксперимент ретінде жаңажылдық шыршаны өртеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

 ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар Жаңа жыл қарсаңында эксперимент ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – шырша орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың қаншалықты қауіпті екенін көрсету. 

«Өскемендегі өрт сөндіру-құтқару бөлімінің аумағында мамандар жасанды шыршаны өртеді. Жүргізілген эксперимент жаңажылдық шырша мен әшекейлердің өте жылдам тұтанатынын көрсетті. Өрт кезінде адамға әсіресе көк түтін аса қауіпті. Жанған шыршадан улы заттар бөлінеді», - дейді құтқарушылар. 

Осы ретте, департамент мамандары өңір жұртшылығына шыршаны жарықтандыратын сенімсіз құрылғыларды пайдаланбауға кеңес береді. Сондай-ақ шыршаны жылыту құралдарынан алыс жерге орнату қажет. Шыршаны мақтадан, қағаздан және целлюлозадан жасалған ойыншықтармен безендіруге болмайды.