Семейде заманауи теннис орталығы және мұз сарайы ашылады

Семейде заманауи теннис орталығы және мұз сарайы ашылады

Семейге жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қарағайлы шағын ауданындағы әлеуметтік құрылыс және тұрғын үй нысандарымен танысты.

Бүгінгі таңда мұнда жалпы ауданы 173 мың шаршы метр болатын 32 көппәтерлі үй салынды. Сонымен қатар, тағы 31 көппәтерлі үй салынуда. 2233 пәтер шамамен 10 мың адамға есептелген. Келесі жылы Қарағайлыдағы 1200 орындық мектеп құрылысына қаражат бөлінді. Қажет болған жағдайда болашақта мұнда екінші мектеп салынады.

Жалпы, 2020 жылы қалада 196 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Биыл 215 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

«Кеңес заманында бүкіл Семей облысындағы құрылыс көлемі 140 мың шаршы метрден аспады. Біз осы жерде құрылысты бастаған кезде, біздің қолымыздан келетініне ешкім сенбеді. Ал қазір Қарағайлыдағы тұрғын үйге деген сұраныстың артқанын көріп отырмыз. Мен Семейдегі құрылыстың жоғары қарқынын, мәдениет пен әлеуметтік саланың басқа да деңгейін көріп отырмын», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

«Келесі жылы бір мектептің құрылысы аяқталғаннан кейін маған есеп беріңіз, екінші жартыжылдықта тағы бір мектептің құрылысын бастауға болады. Сондай-ақ, мұнда заманауи теннис орталығы мен мұз сарайы салынады», - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Бұдан кейін облыс басшысы «35 квартал», «Орталық» қазандығы және «103 – 103 А» қазандықтарының жұмыс барысымен танысты. Қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде көмір айтарлықтай үнемделді. Сонымен қатар, жұмсалған отынды жалған түрде есептен шығаруға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ, резервте тағы да қазандықтар бар, бұл жазғы дайындық жұмыстарының нәтижесі, деді облыс әкімі.

Дегенмен, барлық қазандықтарда жабдықтар ескірген. Жылдан жылға оларды жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл дұрыс емес. Бір ескірген жабдық екіншіге ауыстырылады. Бұл тиімсіз, сонымен қатар атмосфераға зиянды шығарындылар мәселелері де шешілмейді.

«Ескі қазандықтар – бұл анахронизм. Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов пен тиісті мамандар қазандықтар бойынша әлемдік технологияны зерделеу керек. Қазандықтарды қайта жөндеуді тоқтатуымыз керек. Біз өте ескі жабдықты ескіге ауыстырамыз. Бұл ештеңе бермейді. Бүкіл әлем бұрыннан бері басқа жабдықта жұмыс істеп келеді. Біз бұл міндетті концептуалды түрде шешуіміз керек», - деп тапсырды Даниал Ахметов.

Бұдан кейін облыс әкімі Шәкәрім даңғылы мен Шоқан Уәлиханов көшесінің, Дулатов көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысындағы оң жақ бұрылыстардың құрылысымен танысты.

Сондай-ақ, Комсомол кентіндегі «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда барлығы 73 үй (147 пәтер) салынды.

Бүгін 14 отбасы жаңа үйлерде қоныс тойын тойлайды. Олардың арасында әскери қызметші Медғат Берекболов, мұғалім Марья Сыбанғалиева, медбике Назигүл Дәуітова және басқалар бар. Жаңа пәтерлердің кілтін Даниал Ахметов табыс етті.

«Өмірде көптеген қуанышты оқиғалар болады. Бірақ өз үйіңіздің кілтін алу ол ерекше қуанышты сәт. Бұл кез-келген отбасы үшін үлкен оқиға. Екі тамаша мереке – Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында мен сіздерді жаңа қоныстойларыңызбен құттықтаймын! Бақытты болыңыздар!», осындай жылы сөздермен Шығыс Қазақстан облысының әкімі пәтер иелерін құттықтады.

Одан әрі Даниал Ахметов «Семей қаласының перинаталдық орталығы» ШЖҚ КМК базасында «Балаларды оңалту және ерте араласу» орталығын ашу бойынша дайындық жұмыстарымен танысты.

Орталық Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының қолдауымен салынды. Мұнда жыл сайын 0-ден 3 жасқа дейінгі 1500 бала медициналық оңалту ала алады.

Орталық Семей қаласынан, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарынан, сондай-ақ Курчатов пен Шар қалаларынан пациенттерді қабылдауға есептелген.

Негізгі медициналық құрал-жабдықтар қор есебінен орнатылды. Тиісті кадрлар жинақталып, мамандар да қор есебінен оқытылды.

Бұл орталықтың ашылуы 14 желтоқсанға жоспарланған.