Біз агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің еңбегін мақтан тұтамыз - Семей әкімі

Біз агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің еңбегін мақтан тұтамыз - Семей әкімі

Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 43,6 млрд.теңгені құрап, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға өсті. Бұл туралы Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметовтың Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған баяндамасынан белгілі болды.

Семей қаласының әкімі өңірдің аграрлық саладағы жоғары экономикалық көрсеткіштерін атап өтті. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 103,4% құрады. 2021 жылғы қаңтар-қазанда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар 958,7 млн.теңгеге немесе 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 324,8% - ға жетті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінің, оның ішінде: дәнді дақылдар 30%-ға, майлы дақылдар 16%-ға, картоп 20%-ға, көкөністер мен бақша дақылдарының барлығы 14%-ға шығымдылығы өсті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алудың арқасында 10 айда өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі (ЖІӨ) 25323,6 млн теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары.

Жыл басынан бері 7,9 млрд. теңге сомасына 3 инвестициялық жоба, өсімдік майын өндіру бойынша май экстрациялық зауытының құрылысы, «SEMEI QUS» ЖШС тауарлық жұмыртқа шығару және «Приречное» агрофирмасында қосымша 5 жаңбырлатқыш агрегат орнату пайдалануға берілді.

2021 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығын дамытуды қолдауға 1816,5 млн.теңге субсидия бөлінді.

«Біз сіздердің еңбектеріңізді мақтан тұтамыз: біздің құнарлы жеріміз беретін өнімдер бүкіл Қазақстанға танымал! Әрине, ел Үкіметінің аграрлық секторды дамытуға бағытталған күш-жігері өз жемісін беруде. Ауыл еңбеккерлеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік мол. Сіздерге зор денсаулық, бақыт және халқымыздың, Отанымыздың игілігі үшін жоғары жетістіктер тілеймін!»,- деді Бақытжан Байахметов ауыл шаруашылығы ардагерлері мен еңбеккерлеріне.

Қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында жұмысшыларға медальдар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен «Балабек» шаруа қожалығының басшысы Аманжол Суықбаев марапатталды.

Семей қаласы әкімінің грамоталарымен «Восток бройлер» ЖШС директоры Төлеужан Жексембаев, «Семей құс» ЖШС директоры Марат Анаев, «Кондиз» ЖШС директорының орынбасары Адильбек Акимов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлжан Тасыбаева, Қараөлең ауылдық округінің «Мендеке» шаруа қожалығының басшысы Тәңірберген Тұрысбеков және басқалар марапатталды.

Семей қаласы әкімінің aлғыс хатымен Озерки ауылдық округінің «Баршын» шаруа қожалығының басшысы Наиль Козлов, «Приречное» агрофермасының жүргізушісі Иван Золотухин және басқалары марапатталды.

Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің құрметіне арналған салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.