«Ақ жол» депутаттары мониторингтік топтардың қызметін заңнамалық реттеуге қол жеткізді
2021 ж. 29 қараша
948
1
«Ақ жол» депутаттары мониторингтік топтардың қызметін заңнамалық реттеуге қол жеткізді. Тиісті норма кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеу саясаты туралы заң жобасына енгізілді. Заң жобасы сәрсенбіде Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қабылданды.
«Әріптестерімді және карантинге қарсы шаралар түрінде бұрын бірнеше рет негізсіз қысым мен қорқытуға ұшыраған бүкіл ШОБ өкілдерін құттықтаймын: шектеулер қайталанған жағдайда (өкінішке орай, оны жоққа шығаруға болмайды) - сізде өз құқығыңыз бен мүдделеріңізді қорғау құралы пайда болды», - деп жазды Азат Перуашев telegram-дағы парақшасында.
Аталған норма «Ақ жол» фракциясының мынадай қағидатты ұстанымдарын ескере отырып, кәсіпкерлердің Демпартияға мониторингтік топтардың теріс әрекеттері туралы көптеген өтініштерінен кейін дайындалды:
1. Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес эпидемияға қарсы карантинді бұзу фактісін және тиісті жазаларды тек СЭС қызметкерлері ғана анықтай алады (тағылымдамадан өтушілер, әкімдіктердің қызметкерлері немесе қоғамшылдар емес).
2. Мониторингтік топтардың заңды кәсіпкерлік қызметке араласуына жол берілмейді.
3. Кәсіпкерлерге меншікке қол сұғылмаушылықты қоса алғанда, олардың құқықтарын қорғау құқығына кепілдік беріледі.
Осы норманың редакциясы түпкілікті түрде (104-баптың 6-1-тармағы «Эпидемиялар, инфекциялық аурулар пайда болу қаупі болған жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу шарттары», Халық денсаулығы туралы кодекс) келесідей:
«6-1. Шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жергілікті атқарушы органдар мониторингтік топтар құруы мүмкін.
Құрылған мониторингтік топтар, құрамы мен өкілеттіктері туралы ақпарат, сондай-ақ мониторингтік топтың әрекет ету алгоритмі бұқаралық ақпарат құралдарында және жергілікті атқарушы органдардың сайттарында орналастырылады.
Мұндай топтардың қызметі жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық тәртіпті сақтауына мониторинг жүргізу, санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық және шектеу іс-шараларын, оның ішінде инфекциялық аурулардың таралу қаупінің алдын алуға байланысты карантинді жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Мониторинг жүргізу тексеру болып табылмайды және мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың өзге нысандарына жатпайды.
Мониторинг жүргізу үшін аталған топтар объектіге бару кезінде ұсынылатын мониторингті тағайындау туралы электрондық актіні алу үшін ақпараттық ресурста алдын ала тіркеуді жүзеге асырады.
Мониторингтік топтар кәсіпкерлердің жұмысына араласпай және заңды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтірмей, кейіннен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жолдау үшін инфекцияның таралу қаупінің алдын алуға байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысын және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзу белгілерін көрсететін фото-және бейнеақпарат жинауға құқылы.
Мониторингтік топтардың құзыретіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау жатпайды.
Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде мониторинг тобының құрамында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган өкілі болған жағдайларда, мониторингтік топ мониторинг топтарын құру және мониторинг жүргізу тәртібіне сәйкес шектеу іс-шараларының, оның ішінде сол жерде карантиннің шарттарын бұзуды болдырмауға, тіпті кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтата тұруға құқылы.
«Ақ жол» партиясы мен оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны іске асыру және қазақстандық бизнестің мүддесін қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда.