МЕМОРАНДУМ КӨМІРДІ АЛМАСТЫРА АЛМАЙДЫ
2021 ж. 26 қараша
1224
4
ОНДАЙ МӘНСІЗ МӘМІЛЕНІҢ ҚЫЗЫҒЫ ДА, ҚЫЗУЫ ДА ЖОҚ
Біздің елімізде шешімін таппай жатқан мәселе атаулы шаш етектен екені белгілі. Соның бірі – қыс қарсаңында жыл сайын тұрақты түрде қайталанатын көмір отынының тапшылығы мен оның бағасының
шарықтап шыға келуі. «Көмірдің үстінде отырып, көмірге жарымаған» деген осы шығар...
Маңдайымызға талай рет таяқ болып тисе де осы бір түйінді тарқата алмай қойдық. Кейбір өңірлерде көмірдің бір тоннасы 30 мың теңгеден сатылып жатыр. Соның өзіне қыстың көзі қырауда жұрт қол жеткізе алмай отыр. Суықтан қалтыраған тұрғындардың жанайқайына қатысты Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров үкіметтен мәселені тез арада реттеуді талап етті. Оның айтуынша, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысында қатты отын қымбаттап, баға өндірушілер құнынан бірнеше есе жоғарылаған. «Әлемдегі ең ірі көмір өндіруші елдердің ондығына кіретін елде көмірден тапшылық көру ұят. Қып-қызыл бағаға көмірдің өзі тапшы. Қақаған қыста азаматтар ақшасын төлеп қойып, көмірді апталап тосуға мәжбүр. «Көмірдің қымбаттығынан, оны сатып алу үшін банкіден несие алып жатырмыз» деген де хабар-ошар жетуде!» - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысы барысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында. Оның айтуынша, бүгінгі күні халыққа көмір сату тізбегінде шамамен 10 - ға тарта буын қалыптасқан. Соның негізгілері: көмір өндіру кеніштері, темір жолмен жөнелтуге арналған тиеу пункттері, темір жол арқылы тасымалдау, теміржол тұйықтарында қабылдау терминалдары, көмірді тұтынушыларға жеткізетін тарату орындары. «Осы кезеңдердің барлығында әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады, осыған байланысты баға қымбаттай береді. Яғни, көмір бағасын делдалдық құрылымдар көтеріп отыр. Көмірді биржалық саудалаудың ережелері делдал-кәсіпорындарға көмірді үлкен көлемде сатып алуға және оны бірден разрезден екі-үш есе қымбат бағамен сатуға мүмкіндік береді деп айтуға негіз бар. Сату нүктелеріндегі көмірдің жетіспеушілігі көмірді жеткізетін вагондардың тапшылығына байланысты. Сондықтан, көмір разрезден сату нүктесіне 6 күнде емес, 16 күнде жеткізіледі», - деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде разрезден тоннасы шамамен 7800 теңгеден сатылып жатқан көмір Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы сауда нүктелерінде тоннасы 25-30 мың теңгеден сатылуда. Осылайша, түпкі тұтынушы үшін баға бастапқыдан үш-төрт есе өседі. Халыққа тұрмыстық көмір жеткізудің өткір әлеуметтік маңыздылығын еске салған депутат:
1. Ауылдық елді мекендердің тұрғындарының тұрмыстық тұтынуы үшін көмірдің нормативтік қорын қалыптастыруды жедел қамтамасыз ету.
2. Көмірді сату орындарына тасымалдау үшін қажетті вагон санын бөлуге басымдық беру.
3. Көмір бағасын қалыптастырудың ашықтығын және көмірді көтерме сатып алушылар арасындағы барынша бәсекелестікті қамтамасыз ету.
4. Нарық субъектілерінің арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдерді болдырмау, тұрмыстық көмір тұтынушыларының түпкілікті бағасын қалыптастыруға делдалдық байланыстардың әсерін болдырмау бойынша жұмыстарды жүргізуді талап етті.
Депутаттың талабы өте орынды. Қол астында қып-қызыл соғыс болып жатса да ештеңені көрмейтін үкіметке бұл жылда айтылып келе жатқан ескерту. Депутаттар айтқан кезде бөкселерін креслоларынан көтерген болады, бірақ мәселені түпкілікті шешпейді. Тағы да сол депутаттардың немесе Президенттің тапсырмасын күтеді. Сонда бұл неғылған үкімет? Елдегі жағдайды көрмесе, ешқандай шара қолданбаса ол қалайша атқарушы билік болып отыр? Қарамағында әрқайсысының штаты 3-4 мың адамнан тұратын толып жатқан министрліктер не істеп отыр? Олардың бәрінің қымбатшылыққа байланысты айтар бір ғана сылтауы бар – бағаны нарық реттейді. Сонда олар біздегі бүкіл сауда орындары мен қызмет көрсету саласын тура мағынасындағы «Жабайы нарық» жайлап алғанын көрмей отыр ма? Көмесе оны – көрсоқырлық дейді.
Енді осы көмір тапшылығына орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың не дегеніне назар аударалық. Оның айтуынша елімізде көмір жетіспеушілігі мүлдем жоқ, бұл тапшылықты қолдан жасалып отыр. Өңірлерге көмір жөнелту уақытылы жүргізілуде дейді Бейбіт Атамқұлов. «Бізде барлығы 27 пайыз экспорт бар және біз көмірдің екі түрін экспорттаймыз - бұл металлургиялық өңдеуге арналған жоғары агломерациялық көмір және 38 пайыздан жоғары күлге ие энергетикалық кәсіпорындар үшін. Ал халыққа қолдануға күл мөлшері төмен көмір түрін ұсынамыз. Бұл Қаражыра, Шұбаркөл, Богатырь және тағы басқа. Біз қазірдің өзінде облыстардың өтінімдері бойынша халыққа қажет көмірдің 94 пайызын жөнелттік. Жалпы биыл өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда жоспарды асыра орындап отырмыз. Тапшылық қолдан жасалып отыр», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет үйінде тілшілердің сұрағына жауап бергенде. Министрдің айтуынша, елімізде көмірмен қамту жағдайы тұрақты және оны тасуда ірі жеткізуші ұйымдармен меморандум жасалған. Қол қойған міндеттемелері орындалмаса ол неғылған меморандум? Ондай мәні мен маңызын жоғалтқан мәміле кімге керек? Осыған қарап біздің үкімет тек қана қағаз жүзінде есеп беруді ғана білетінін байқаймыз. Жүкті мезгілінде жеткізуге міндетті тізгінсіз кеткен темір жол саласын кім тәртіпке шақырады? Бағаның қымбаттауына жауапты ҚР Ұлттық экономика министрлігі не бітіріп отыр? «Қолда бар көмірді жер-жерлерге жеткізуді дұрыс ұйымдастыра алмаған мұндай Үкіметтің барынан жоғы жақсы» - дейтін көпшіліктің пікірін қалай теріс деп айта аласыз бұдан кейін?..
Зейнолла АБАЖАН.