Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты дау: Білім беру орталығының басшысына сот үкім шығарды
2021 ж. 24 қараша
937
0
Нұр-Сұлтан соты Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде жалған құжат жасады деп айыпталған білім беру орталығының басшысына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты жалған құжат жасады деп айыпталған "140+1 білім беру орталығының" басшысы Нұрбек Қанайға қатысты үкім шығарды.
"2021 жылдың жазында оқушыларға ҰБТ-дан жоғары балл жинап беріп, білім беру орталығының атын шығару мақсатында кеңсе техникасын пайдалана отырып, тестілеуден өтіп жатқан төрт мектеп түлегінің жеке куәліктеріндегі фотосуреттерді ҰБТ-ға дайындалып жатқан басқа тұлғалардың фотосуреттеріне ауыстырған", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, тәркіленген кеңсе жабдықтарымен, жалған құжаттармен, жеке куәліктердегі фотосуреттерді ауыстыру туралы сот-техникалық қорытындылармен дәлелденді.
Нәтижесінде сот Қанайға пробациялық бақылау орната отырып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.