АУЫРМАУДЫҢ АМАЛЫН ІЗДЕЙІК

АУЫРМАУДЫҢ АМАЛЫН ІЗДЕЙІК

«Jetisymedia» ақпараттық алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиевтің қатысуымен «Ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және «COVID-19»-ға қарсы күрес жөніндегі шаралар» тақырыбында брифинг өтті.

Спикердің айтуынша, бүгінгі күнге дейін індетпен 9781 науқас тіркеліп, оның ішінде 3976 адамда сырқат белгісі байқалған. Соңғы екі аптада коронавирустың деңгейі 0,8 пайыздан 0,6 пайызға төмендеген. Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау орталығының пайымдауына сүйенсек, облыс жасыл аймақта.

Брифингте Асхат Сәкенұлы алдағы уақытқа жоспарланған шараларды таныстырды.

– Бірінші, мешіттерді 30 пайызға дейін толтыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 100 адамнан аспайтын жамағатпен оқылатын намазға рұқсат етіледі. Екінші, ауылдық жерлерде жұма намазында адам саны 150-ден аспауы тиіс. Үшінші, карантин талаптарына сәйкес орын саны 50-ден аспайтын қоғамдық тамақтану нысандарына жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Төртінші, қарбалас уақытта аялдамалар мен қоғамдық көліктерде азаматтардың жаппай жиналуы болмаған жөн. Адам саны 250-ден асатын жұмыс орындары адамдарды тасымалдауға мекеме көлігін пайдаланады. Бесінші, штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болса, олардың 50 пайызы қашықтан жұмыс жасайды, – деді ол.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, аталмыш вируспен күресудің жолы карантин талаптарын сақтау. Қоғамдық орындарда бетперде тағып, адам көп шоғырланған орындарға бармаған жөн.

Дәулет ХАЛЫҚҰЛЫ