Отбасы банк салымшылары алатын ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы 116 680 теңгеге тең болады
2021 ж. 18 қараша
767
0
«Отбасы банк» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) - салымшылары жыл сайын 20% көлемінде мемлекеттік сыйлықақы алатын Қазақстандағы жалғыз банк. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен (1 АЕК биылғы жылы 2 917 теңге) немесе 583 400 теңгеден аспайтын жинақ сомасына қосылады. Яғни, егер клиент бір жылдың ішінде бұл қаражатты өз депозитінде жинаса немесе бірден шотқа салса, онда 2021 жылдың қорытындысы бойынша ол ең жоғарғы сыйлықақы – 116 680 теңге алады.
20% көлеміндегі мемлекеттік бонусты алу үшін Отбасы банк салымшылары биылғы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін жаңадан шот ашып, оған қаражат салып немесе бұған дейін ашқан депозиттерін толықтырулары қажет.
– Отбасы банкінің депозиттік қоры жыл сайын артып келеді, бұл халықтың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген сенімін айғақтайды. Соңғы 3 жылда ол 624,2 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін өсті. Депозиттер санының көбеюі мен олардағы жинақ сомасының ұлғаюы, төленетін мемлекеттік сыйлықақы көлемін де арттырып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 490 876 салымшыға 50,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік сыйлықақы төленді. Заң бойынша банк салымшыларына берілетін сыйлықақыны төлеу міндеті мемлекетке жүктелетінін атап өткім келеді. Осылайша мемлекет өз азаматтарына баспана алуға тезірек ақша жинауға көмектеседі. Сыйлықақы қаражаты жыл сайын республикалық бюджеттен қарастырылады, - деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Жылдық 2% көлеміндегі Банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда, Отбасы банк депозиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға дейін баратын жоғары табыстылыққа ие.
Тағы бір ескеретіні, бұған дейін мемлекет тарапынан сыйлықақы берілген сомаға мемлекет сыйлықақысы түспейді, яғни ол жыл сайын бір жыл ішінде жиналған жаңа салымдар мен алдыңғы жылы сыйлықақы есептелмеген сомаға қосылады. Егер алдыңғы жылғы депозитке салынған сома 200 АЕК-тен жоғары болса, онда қалған салым сомасына осы жылдың қорытындысы бойынша сыйлықақы түседі.
Егер салымшының банкте бірнеше депозиті болса, онда мемлекет сыйлықақысы солардың тек біреуіне ғана есептеледі.
Осы орайда, Отбасы банкінің «Отбасылық пакеті» аясында депозит ашқан аса тиімді екенін айта кеткен жөн. Салымшы отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашса, сыйлықақы олардың әрқайсысына түседі. Яғни белгілі бір соманы жинақтауды жоспарлаған отбасы өз қаражатын «Отбасылық пакет» аясында ашылған бірнеше депозитке бөліп салса, онда әрбір депозиті бойынша мемлекеттік сыйлықақы алатын болады. Сөйтіп, қажетті соманы тезірек жинай алады.
Банк салымшысы жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шешім қабылдаған бойда бір отбасының барлық шоттарын біріктіріліп, несие алуға болады. Бүгінгі күні қазақстандықтар үшін ең қолжетімді несие түрі – тұрғын үй займы. Ол 3 жылдан кем емес уақыт бойы, шоттағы тұрғын үй құнының кемінде 50% жинақталған сомасына беріледі. Клиент соманың қалған 50%-ын жылына 3,5%-дан 5%-ға дейін (ЖТСМ 3,6%-дан) алады.
Еске сала кетейік, салымшы депозитте 3 жылдан аз уақыт аралығында қаражат жинап, оның шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайда мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады.
Мемлекеттік сыйлықақы тек ҚР азаматы болып табылатын банк салымшыларының депозиттеріне ғана төленеді.