Сыбайлас жемқорлықпен күресте журналистік зерттеуге ерекше мән берілмек
2021 ж. 16 қараша
946
0
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізі бағыттар – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жою, жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту, квазимемлекеттік секторда комплаенс қызметтерді күшейту. Мемлекеттік органдардың мақсаты – оларды барлық деңгейде тиімді жүзеге асыру, яғни қалалар мен ауылдарды да толықтай қамту. Ол үшін әрбір мемлекеттік органда жобалық кеңселер құрылған, олар арқылы қоғамды жұмылдыра отырып «Адалдық алаңы» қызметі жалғасады. Бұл тұрғыда, ең бастысы – серіктестік, ашықтық ұстанымында өзара іс-қимыл жасау. Осы арқылы, базалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттар бойынша министрліктер мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіріп, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын жүргіземіз. Олардың баршасына мақсатты индикаторларды даярладық. Өңірлерде солардың ведомстволарында арнайы тағайындалған қызметкерлер аталған индикаторларға қол жеткізетін болады. Бұл ретте антикоррупциялық комиссарлар ескерілген. Олар қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс істейтін болады», - деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар агенттік басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше мән беріліп отырғанын айтты.
«Батыс елдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы бір ғана мақаланың өзі тиісті тексеру үшін себеп болады. Сондықтан журналистік зерттеу институтын енгізіп, журналистер құқықтарын қорғаудың заңнамалық шегі мен кепілдіктерін бекіту ұсынылады», - деді М. Ахметжанов.