Амандық Баталов брифинг барысында журналистер сұрақтарына жауап берді

Амандық Баталов брифинг барысында журналистер сұрақтарына жауап берді

Бейсенбі күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Алматы облысының дамуы туралы» брифингіде журналистердің 30-дан астам сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Амандық Баталов өз баяндамасында Президент Жолдауының өңірде орындалу барысы, 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы айтты.

Баяндамадан кейін спикер журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымдарды дамыту, газдандыру, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық жобалар, Гейт сити серіктес қаласының құрылысы мен болашақ жоспарлары, Балқаш көлінің жағалауын дамыту, ирригация жүйелерін жаңғырту, соның ішінде Балқаш ауданындағы каналдарды тазарту мәселесі, ет өңдеу бағытындағы жобалар, халықты көмірмен қамтамасыз ету, қоқыс өңдейтін зауыттардың құрылысы, отандық вакцина шығару, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру, үш ауысымды мектептерді жою, қолжетімді баспанамен қамту шаралары туралы болды. Сол сияқты журналистерді тәуелсіздік жылдарындағы облыс жетістіктері де қызықтырды.

Мәселен, «СТВ» телеарнасы тілшісінің трансұлттық компаниялармен бірлесіп өңірде қолға алынған жобалар туралы сұрағына облыс әкімі немістің «Бауманн» концернінің ұсақ мал етін өңдейтін «Жетісу Қой» және америкалық «Тайсон Фуд» компаниясының ірі қара етін өңдейтін жобалары іске асырыла бастағанын айтты.

Сол сияқты «Литер» газеті тілшісінің Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғыртуға қатысты онлайн режимде қойған сұрағына да спикер кеңінен жауап берді. Өз жауабында әкім Үкімет тарапынан жаңғырту жұмыстарына қолдау жасалып, 1-ші транш бойынша 4,7 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. «Қазір жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Келесі демалыс маусымы басталғанға дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларынан Үшаралға ұшақ қатынайды. Бізге Омбы, Томск, Новосібір қалаларынан да ұсыныстар түсіп жатыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталғанда, Үшарал әуежайының осындай қалалардан үлкен ұшақтарды қабылдауға мүмкіндігі болады», - деді А. Баталов.

Сұраққа жауап беру барысында спикер Балқаш көлінің жағалауын дамыту шаралары туралы да айтып берді. Амандық Баталовтың сөзіне қарағанда инвесторлармен бірлесіп жағалауда заманауи демалыс аймақтарын салу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық жүйелері құрылысының» жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобада сумен қамту желілері (16,4 км), кәріз жүйесі (16,4 км) электрмен қамту желісі (16,1 км), автокөлік жолын (9,3 км) төсеу қарастырылған. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» (35-110 км) және «Лепсі ауылы – Балқаш көлі жағалауы» (0-27 км) автожолдары қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр.

Жалпы барлығы 32 сұрақ қойылып, оларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов толыққанды жауап берді.

Еске салсақ, брифинг «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде, ОКҚ-ның Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында және Youtube арқылы, сол сияқты облыс әкімдігінің ресми сайтында көрсетілді. Брифинг 90 минутқа созылды.