«Ақ жол»: Жұмысы қауіпті мамандардың зейнет жасын қайтару қажет
2021 ж. 10 қараша
1096
1
Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов «Ақ жол» демократиялық партиясы парламенттік фракциясының атынан вице-премьер Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, қауіпті мамандық иелерінің зейнет жасын төмендетуді талап етті.
Жақында Қарағандыдағы «Абай» шахтасында кеншілердің қаза тапқанын мысал еткен депутат жүздеген метр жер астында немесе ыстық металлургиялық пештерде жұмыс істейтін адамдардың зейнет жасын қайтару қажет деп санайды.
- Мәселе қандай да бір апатсыз-ақ, осы қауіпті кәсіппен айналысатын жұмысшылардың көпшілігі зейнеткерлік жасқа жетпей-ақ түрлі сырқаттармен ауруларында және өз мамандығы бойынша жұмыс істеу қабілетін жоғалтып, тіпті көпшілігі зейнеткерлік жасқа дейін өмір сүрмеуінде.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да кәсіптер үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды, - деді М. Раманқұлов.
Депутаттың сөзінше, шенеуніктер денсаулығынан айырылып жатқан осы адамдардың еңбегіне мемлекеттің кірісі тікелей тәуелді екенін ұмытып кетеді.
- «Ақ жол» фракциясы 1 және 2-тізімдер үшін зейнетақы жасын қайтаруды талап етеді және Үкімет пен БЖЗҚ-ның осы мәселеге байланысты барлық есептерін талқылауға дайын, - деді депутат.